«Жылу энергетикасы туралы»
заңының жобасы тұжырымдамасының жобасы
«Жылу энергетикасы туралы» заңының жобасы (бұдан әрі – Заң жобасы).
Жылу энергетикасы арнайы заңнаманы талап ететін ерекше сала ретінде.
Қазақстан Республикасы климаты күрт континентті, жазы ыстық және қысы суық аймақта орналасқан. Аймақтар сыртқы ауа температурасы мен жылыту кезеңінің ұзақтығымен күрт ерекшеленеді. Республиканың солтүстік өңірлерінде қысқы кезеңде сыртқы ауа температурасы Цельсий бойынша минус 40-50 градусқа дейін төмендейді. Жылумен жабдықтаудың сенімді көрсетілетін қызметіне қолжетімділік ұйымдардың жұмыс істеуі, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысы және Қазақстан халқының өркениетті өмірі үшін өмірлік маңызды қажеттілік болып табылады.
Жылу энергетикасы саласы экономиканың өзіндік ерекшеліктері мен қатынастары бар жеке секторы болып табылады. Жылу энергетикасы энергетикалық сектордың бөлігі болып табылады. Жылу энергетикасының құрылымы жылу энергиясының көздері (ЖЭО, автономды қазандықтар, дербес көздер), жылу желілері (магистральдық, тарату), жылу энергиясын тұтынушылар (халық, кәсіпорындар) түрінде ұсынылған. Оның тиімді және тұрақты дамуды ұзақ жоспарлау көкжиегі бар ауқымды салымдарды талап етеді. Уақыт көкжиегінде 30-50 жылға жоспарлау үшін стратегиялық көзқарас қажет. Жылумен жабдықтау жөніндегі қызметтерді көрсету ерекшелігіне, өңірлік аспектілерге, Табиғи монополияларды және экологиялық сыртқы факторларды реттеу ерекшеліктеріне байланысты «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жылу энергетикасы саласын толық көлемде реттеуге мүмкіндігі жоқ.
Атап айтқанда, «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында жылу станциялары мен қазандықтардың жабдықтарын пайдалану, жылумен жабдықтау объектілері мен жылу желілерін жобалау және пайдалану кезіндегі қауіпсіздікке қойылатын талаптар жеткіліксіз деңгейде көзделген, сондай-ақ жылу станциялары мен қазандықтарды (оның ішінде дербес және орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы дербес қазандықтарды) жылыту кезеңіне дайындау кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі, жылу энергетикасы саласына қатысушылардың міндеттері және күзгі-қысқы кезеңге жұмысқа әзірлік паспортын алуға байланысты уәкілетті органның құзыреті толық айқындалмаған.
Авариялық жағдайларды болғызбау және жою үшін қолданылатын шаралар жылу энергетикасы саласы үшін де қолдануға келмейді, өйткені «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша осы шаралар Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикасы жүйесіндегі проблемаларды шешу үшін көзделген. Соның ішінде жылу энергетикасы саласындағы объектілерді жобалауға және салуға қойылатын талаптар көзделмеген.
Сектордың қоршаған ортаға, әлеуметтік және саяси ахуалға, сондай-ақ оның меншік құрылымына үлкен әсері барлық субъектілер техникалық, экологиялық және әлеуметтік стандарттар мен талаптарды сақтауға міндетті нақты шеңберді талап етеді.
Қазақстан Республикасының бағдарламалық және стратегиялық құжаттарында, оның ішінде Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында энергетика секторы мен энергетикалық инфрақұрылымның экономика мен халық өмірі үшін аса маңызды мәні атап өтілген.
Жылу энергетикасындағы орнықтылықты қамтамасыз ету энергия тиімділігін арттыруға, халықаралық «жасыл» қорлар, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті және энергия-сервистік келісімшарттар (ЭСКО) тарта отырып,
іс-шараларды қаржыландырудың (қоса қаржыландырудың) жаңа (үлгілік) нысандары мен бағдарламаларын әзірлеуді және енгізуді қоса алғанда, жылу энергиясы өндірісінде (оның ішінде ЖЭК) заманауи технологияларды енгізуге ерекше тәсілдер секторын талап етеді. Бұл Қазақстанның халықаралық саясатының қағидаттарына, оның ішінде 2016 жылы ратификацияланған климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісіміне сәйкес келеді, оған сәйкес Қазақстан 1990 жылғы шығарындылар деңгейіне қатысты 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15% - ға қысқартуға міндеттенеді.
Алайда, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында жылу энергетикасын және жылумен жабдықтау саласындағы қатынастардың барлық жиынтығын реттеу үшін толыққанды құқықтық негізді белгілейтін нормативтік құқықтық акт заңнамалық деңгейде жоқ. Жылумен жабдықтау жүйелерінің жай-күйіне, техникалық саясатына және дамуына жауапты мемлекеттік ведомство жоқ.
Қазақстан Республикасының «Электр энергетикасы туралы» Заңы Электр энергетикасын құнттандыру нормаларын, оның ішінде ұлттық электр желісін, электр энергиясы нарығын қалыптастыру мен оның қызметінің негіздерін белгілейді. Сонымен қатар, электр энергиясы нарығының құрылымы жылу энергиясы нарығынан үйлесімді айырмашылыққа ие. Осыған байланысты жылу және электр энергетикасы салаларының аражігін нақты ажыратуды қамтамасыз ету қажет.
Бұдан басқа, электр энергетикасы саласына қатысты тұтас алғанда бүкіл саланың жай – күйі мен дамуына жауапты уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) айқындалды. Ал жылу энергетикасына қатысты тұтас алғанда бүкіл салаға жауапты осындай уәкілетті орган жоқ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі туралы Ереженің 1-тармағына сәйкес, Министрлік орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында (дербес қазандықтардан басқа) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын жылу электр орталықтары мен қазандықтар бөлігінде жылумен жабдықтауды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы
29 желтоқсандағы № 936 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туралы Ереженің
1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасысының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елді мекендер шегінде жылумен жабдықтау саласында (орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын жылу электр орталықтары мен қазандықтардан басқа) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
Жоғарыда баяндалғандардан бүгінгі таңда Қазақстанда жылу энергетикасы саласындағы бірыңғай саясатты айқындайтын мемлекеттік орган болмауының салдарынан саладағы бытыраңқы саясат нәтижесінде пайда болған бірқатар проблемалар бар. Саладағы қиын жағдайды ескере отырып, жылумен жабдықтау саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізу қажет. Міндеттер сипатын назарға ала отырып, уәкілетті мемлекеттік органның құрылымында жылу энергетикасы мәселелері бойынша тиісті құрылымдық бөлімшелер құру қажет.
Жылумен жабдықтау саласында жұмыс істейтін субъектілердің, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты қағидаттар мен нормаларды белгілеп, орталық және жергілікті мемлекеттік билік органдарының рөлі мен функцияларын айқындау қажет.
Заң жобасының негіздемесі жылу-энергетика саласын реттеу үшін құқықтық негіз құру болып табылады. Саланы заң деңгейінде реттеу қажеттілігі жылумен жабдықтау саласындағы экономикалық, әлеуметтік және саяси маңыздылыққа және қоғамдық қатынастардың ерекшеліктеріне байланысты.
Саланың бұрыннан бар проблемалары
Сала үшін берік мамандандырылған құқықтық базаның болмауы - жылумен жабдықтау жүйелерінің даму қарқынының жеткіліксіздігі, салаға инвестициялар деңгейінің төмендігі, тұрақты және әлеуметтік бағдарланған дамуда Қазақстан Республикасының негізгі нысаналы көрсеткіштерінен жылу энергетикасының артта қалуы сияқты нақты және елеулі проблемаларға әкеп соқты.
Жылу энергетикасы саласы ортақ пайдаланудағы орталықтандырылған жылумен жабдықтау, жергілікті орталықтандырылған жылумен жабдықтау және дербес жылумен жабдықтау жүйелерін қамтиды.
Процестің барлық сегменттерінде және барлық сатыларында (жылу энергиясын өндіру, беру және тұтыну) елеулі техникалық, экономикалық проблемалар, сондай-ақ құқықтық қатынастар, реттеуші бақылау және даму стратегиялары мен жоспарларын қалыптастыру саласындағы кемшіліктер бар.
Негізгі техникалық проблемалар:
негізгі жабдықтардың жоғары деңгейде тозуы (ел бойынша орташа алғанда жылу желілерінің тозуы 59% - ды құрайды);
жылудың пайдалы әрекет коэффициенті (ПӘК) төмен (отынның химиялық энергиясының тек 35-50% - ы ғана озық халықаралық жүйелердегі ПӘК-пен салыстырғанда қазақстандық ЖЭО желісіне жіберілетін электр және жылу энергиясына айналады);
тікелей және кері жылу магистральдарында қайта айдау сорғылары жоқ немесе жұмыс істемейді, жылу оқшаулаудың толық немесе ішінара болмауы, жылу желілерінің гидравликалық режимі орнатылмаған, барлық желілерде гидравликалық, температуралық сынақтар және тығыздыққа сынақтар жүргізілмейді;
кейбір аймақтарда жылу желілерін дамыту схемалары жоқ;
жергілікті орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде сенімділік төмен, сапалық параметрлер, температуралық графиктер сақталмайды, су-химиялық режим бақыланбайды;
кәсіпорындарда жылу энергиясын өндіру, беру және тарату бойынша процестердің төмен деңгейде автоматтандырылуы;
отын сапасын жеткіліксіз бақылау, жылу шығару қабілеті (құнарлығы) төмен отынды пайдалану, жабдыққа зиян келтіретін жобаланбаған отынды пайдалану, отын қалдықтарын кәдеге жарату мәселелері ескерілмеген;
жылу желілеріндегі жылу энергиясының жоғары ысырабы (заманауи жүйелердегі 10% - бен салыстырғанда 30%);
гидравликалық режимді сақтау үшін электр энергиясына деген жоғары қажеттілік;
жылу беруші ұйымдарда ішінара: жылу желісінің жоспары (ауқымды), жедел және пайдалану (есептік) схемасы, әрбір магистраль бойынша жылу трассаларының профильдері, жылу желілерінде жылу тасымалдағыш ағындарын оңтайлы бөлу, бірнеше жылу көздерінің біріккен жылу желісіне бірлескен жұмысын жүзеге асыру және қажет болған жағдайда көздердің бөлек жұмысына ауысу мүмкіндігі, неғұрлым үнемді көздерді басымдықпен пайдалану, газға қауіпті камералар мен өту арналарының тізбесі жоқ;
елді мекендерді дамытуды кешенді жоспарлаудың, бас жоспарлардың болмауы немесе күрделі техникалық есептер жаңылысын жоспарлау кезінде жол берілген қуаттардың тапшылығы немесе профициті (өңірге байланысты) жаңа тұтынушыларды қосу мүмкіндігін шектеуге, көрсетілетін қызметтер сапасының төмендеуіне және жылу желілеріндегі ауыр аварияларға (тапшылық кезінде) немесе артық қуаттарды (артық болған кезде) ұстап тұруға арналған жоғары шығындарға алып келеді;
жылу көздерінде желілік суды неғұрлым күрделі және қымбат дайындауды, желінің гидравликалық режимін нашарлататын желілік судың сапасын неғұрлым қатаң санитариялық бақылауды талап ететін және су ысырабын дәл бағалауға мүмкіндік бермейтін ыстық сумен жабдықтау тұтынушыларын қосудың ашық схемасының басым болуы;
орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің маусымдық жұмыс режимі, маусымаралық үзіліс кезінде ыстық сумен жабдықтау мәселесін өз бетінше шешуге мәжбүр болған тұтынушылар үшін қосымша проблемалар туғызады, бұған қоса, жылу электр орталықтары мен ірі аудандық қазандықтардың техникалық-экономикалық көрсеткіштеріне теріс әсер етеді;
ЖЭО, қазандықтар мен жылу желілерінің негізгі және қосалқы жабдықтарын қолдау және қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мен жоспарлаудың болмауы;
ескірген және ластаушы технологиялардың басым болуы және дербес, жеке және өнеркәсіптік жылу энергетикасының төмен тиімділігі;
жылу энергетикасы саласында инновациялық бағыттар мен технологияларды енгізу бағдарламалары мен жоспарларының болмауы;
энергия теңгеріміне бір мезгілде баламалы және жаңартылатын энергия көздері тартылмаған жағдайда жылу генерациясы үшін көмірді пайдалану кезінде зиянды заттар шығарындыларының жоғары деңгейі;
өнеркәсіп пен ЖЭК-тен артық жылуды пайдалану үшін іске асырылған техникалық шешімдердің болмауы;
ескірген технологиялардың басым болуы және дербес энергия көздерін тиімсіз пайдалану – отын беруді механикаландырмау, күл шығару проблемалары, суды дайындау деңгейінің төмендігі (толық емес цикл), аспаптандырудың төмен деңгейі, отын шығысы бойынша аспаптардың болмауы (техникалық есепке алу), желілік су (жылу энергиясы) бойынша шығыстар, пайдалану деңгейінің төмендігі, сынақтар мен режимдік карталардың болмауы, тиісті қызмет көрсету мүмкіндігінің болмауы (бюджеттік ұйымдар үшін);
жылу энергиясының орны толтырылмайтын ысыраптары бар қызмет көрсетілмейтін коммуналдық және иесіз жылу желілерінің болуы;
отсутствие повсеместной установки приборов учета тепловой энергии (общего пользования (по объектно) и индивидуальных);
бастапқы (шикі) судың сапасы мен шығысы бойынша жеткіліксіз бақылау (аспаптаудың төмен деңгейі);
энергетикалық кәсіпорындар мен жылу желілеріндегі бу-су және су ресурстарының жоғары ысырабы;
жылу энергиясын есепке алу аспаптарының жаппай орнатылмауы;
кәсіби кадрлардың айтарлықтай жетіспеушілігі және жас мамандарды даярлау деңгейінің төмендігі болып табылады.
Негізгі экономикалық проблемалар:
табиғи моноплиялар субъектілерінің бекітілетін тарифтік жүйесі саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етпейді, субъектілердің шығындарын толық өтемейді (әсіресе шығындардың отынға және оны тасымалдауға арналған бағаларға, сондай-ақ валюта бағамына тәуелділігін ескере отырып) және инвестициялардың қажетті кірістілігін ескермейді;
нақты шығындар деңгейін растау үшін тұтынудың, шығынның негізделген нормативтері жоқ және бағаны реттеу әдісі жылу энергетикасы кәсіпорындарын энергия тиімділігін арттыруға ынталандырмайды (мысалы: жылу энергиясын өндіру кезінде отынның үлестік шығынын азайту, желілердегі жылу ысырабын азайту). Ысыраптың төмен көрсеткіштері көтермеленбейді, осыған байланысты энергия тиімділігі жөніндегі іс-шараларды өткізу үшін ынталандырулар жоқ;
қабылданған тариф белгілеу жүйесі, отын бағасының қалыптасқан деңгейі және жылумен жабдықтау жүйесінің нақты қол жеткізуге болатын техникалық деңгейі кезінде қол жеткізілетін тарифке салыстырмалы талдау (бенчмаркинг) («мінсіз») әдісі жоқ;
тарифтерде резервтелген қуат мөлшерлемесі бөлек төлемге бөлінбейді. Бұл жылу энергетикасы саласы субъектілері шығындарының едәуір бөлігін құрайтын белгіленген шығындарды жабуға кедергі келтіреді;
тарифтерде жылу энергиясы мен жылу жеткізгішін есепке алу үшін әділ шығындар жеке ескерілмейді. Бұл есептеу құралдарын жаппай орнатуға негізгі кедергі болып табылады;
тарифтік жүйеде жылу энергетикасы субъектілерінде де, тұтынушыларда да жаңартылатын көздер базасында энергия тиімділігі және қазіргі заманғы технологияларды қолдану үшін ынталандырулар жоқ;
инвестицияланған капитал үшін төлем тарифтерінде есепке алынуы мүмкін экономикалық критерийлер нақты көрсетілмеген;
тарифті бекіту кезінде әкімшілендіру ашықтығының болмауы және таңдалған тариф белгілеу әдісі шеңберінде реттеудің ұзақ мерзімді параметрлерінің тұрақтылығы. Тарифтердің өсуін әкімшілік шектеу практикасы қолданылады. Бұл ретте шектеу заңды түрде ресімделмеген, бірақ барлық жерде дерлік орындалады;
бюджеттен инвестицияларды қаржыландыру арқылы, сондай-ақ өңірлерде жинақталатын жеңілдікті кредиттер арқылы тікелей және жанама дотациялардың елеулі деңгейі;
қарыздың өте жоғары деңгейі, көптеген кәсіпорындардың кейде кірістердің біркелкі емес ағынымен (жаз айларында төлемдер жасалмайды) асқынатын қаржылық тұрақсыздығы (банкроттыққа жақын);
саладағы тиімсіз тарифтік құрылым. ЖЭО-да жылу мен электр энергиясы арасындағы тарифтерді белгілеу кезінде жанама тоғыспалы субсидиялау және тұтынушылар топтары мен өңірлер арасындағы тарифтердегі негізсіз үлкен айырмашылықтар;
кәсіпорындар деңгейінде бизнесті жоспарлау, пайдалану және қаржылық басқарудың төмен тиімділігі орын алған;
жекелеген объектілерді (мектептер, ауруханалар) жабдықтайтын дербес қазандықтар үшін жылу энергиясына бағаларды реттеудің болмауы.
Реттеушілік бақылау саласындағы негізгі кемшіліктер:
сала үшін бірыңғай жауапкершілік орталығының болмауы;
сала бірнеше мемлекеттік органдардың жауапкершілік аймағында, іс-шаралар бірнеше бағдарламалық құжаттар бойынша бөлінген;
саланы реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі функциялардың бытыраңқылығы және салада бірыңғай ұзақ мерзімді стратегияның болмауы;
салада саясат қалыптастыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің аражігін нақты ажыратудың болмауы;
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес электр энергетикасы саласында бақылау саласы болғанына қарамастан жылумен жабдықтау саласы бөлігінде бақылау жүзеге асырылмайды; Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес электр энергетикасы саласында бақылау саласы болған кезде жылумен жабдықтау бөлігінде бақылау саласы жоқ;
салада бірыңғай ұзақ мерзімді стратегияның болмауы;
жылу энергетикасы саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық база саланы дамыту мақсаттарына сәйкес келмейді;
нормалар заңнаманың әртүрлі салаларында орналасқан;
әртүрлі мемлекеттік органдар нормативтік құқықтық актілерді бір-бірімен үйлестірусіз әзірлейді, бекітеді және қолданады.
тиісті аумақ шегіндегі субъектілердің қызметіне тиімді бақылауды жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері мен функцияларын реттейтін жылу энергетикасы саласындағы қолданыстағы заңнама нормаларының жеткіліксіздігі және ескірген сипаты.
Құқықтық қатынастар саласындағы негізгі кемшіліктер:
жылу энергетикасы саласында субъектілер арасында (мысалы, энергия өндіруші ұйымдар арасындағы өзара есеп айырысулар) және олар мен тұтынушылар арасында нақты регламенттелген шарттық қатынастардың болмауы;
қатынастарға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің анық еместігі, осындай қатынастарға әртүрлі қатысушылардың қаржылық және технологиялық міндеттемелерін айқындау және оларды уақтылы орындау үшін құқықтық негіздің болмауы;
жылумен жабдықтау шарттарын жасасу кезінде келіспеушіліктерді шешуге байланысты жиі даулар, сондай-ақ көп пәтерлі үйлер мен жатақханаларға жылумен жабдықтау ұйымдары қызмет көрсеткен жағдайда жылу энергиясын және жылу тасымалдағышты өткізу көлемін айқындауға және жылумен жабдықтау саласындағы шарттық қатынастарға қатысушылардың құрамын айқындауға байланысты даулар;
жылу энергетикасы саласының барлық субъектілері үшін жылу энергиясын өндіру, оны беру және тарату, сондай-ақ тұтыну нормаларының, көрсеткіштері мен сапа өлшемдерінің болмауы;
жылу энергиясын есепке алу аспаптарын орнатуды және пайдалануды ынталандыратын нормалардың жеткіліксіздігі;
жылу энергиясын есепке алу аспаптарымен қамтамасыз етілмеген объектілер үшін жылытылатын алаңның бірлігіне жылу энергиясын тұтыну нормасын қайта қарау мүмкіндігінің болмауы;
өнеркәсіптен және жаңартылатын жылу көздерінің энергиясынан артық жылуды өндірушілерге өз жылуын өткізуге мүмкіндік беретін тетіктің болмауы.
Саланың болашақ даму стратегиясы мен жоспарларын қалыптастыру саласындағы негізгі проблемалар:
жылу энергетикасын сала ретінде, мемлекеттік мүдделер саласы ретінде дамытуда жүйелі тәсілдің болмауы;
өңірлер үшін орта және ұзақ мерзімді перспективаға арналған елді мекендерді жылумен жабдықтау схемаларын әзірлеу жөніндегі міндеттердің болмауы, олардың негізінде орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерін тиімді дамытуға қол жеткізілуге тиіс;
мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарды басқару тиімділігінің жеткіліксіздігі (көптеген ЖЭО мен қазандықтар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын – шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық мекеме нысанында жұмыс істейді);
өңірлерде жылумен жабдықтауды дамытудың перспективалық схемаларының болмауы салдарынан қолданыстағы және болашақтағы жылу жүктемелері туралы сенімді деректердің болмауы. Қазіргі уақытта сектор субъектілері жылумен жабдықтаудың ескі жүйелері жобаларынан және даму жоспарларынан алынатын жоғары жылу жүктемелерімен жұмыс істейді;
жылу энергиясын өндірудің өсуі жағдайында парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі стратегиялық міндеттердің болмауы;
шешім қабылдау немесе жаңа қуаттарды енгізуді жоспарлау кезеңінде, көздердің бірнеше түрін қолдану мүмкін болған жағдайда, таңдау экономикалық есептеулер негізінде емес, артықшылық негізінде жасалады.
Бұған қосымша, жылу энергиясын пайдалануға байланысты күрделі проблемалар бар. Мәселен, Қазақстандағы тұрғын үй ғимараттарындағы аудан бірлігіне жылуды жылдық тұтыну дамыған елдердің ұқсас климаттық аймақтарына қарағанда орта есеппен екі есе жоғары. Осы мән-жайлардың туындауының негізгі себептері өткізілетін энергия үнемдеу іс-шараларының, ғимараттардың энергия аудитінің жеткіліксіз деңгейі, ортақ пайдаланудағы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде жылу бағаларын, сондай-ақ жергілікті орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері үшін отын бағаларын тікелей және жанама субсидиялауға байланысты бағалық ынталандырулардың болмауы болып табылады.
Бұдан басқа, жылу энергиясын беруді және жылу жеткізгішті есепке алу тәртібі туралы мәселені егжей-тегжейлі пысықталмаған, тиісті нормативтік құқықтық актілерде жылу энергетикасы саласындағы есепке алу мәселелері бойынша өзара іс-қимылды дұрыс ұйымдастыру үшін қажетті ақпараттың жеткілікті көлемі айқындалмаған.
Республиканың жылу энергетикасы саласын пайдалану және дамыту процесінде қалыптасқан проблемаларды талдау «Жылу энергетикасы туралы» арнайы заң шеңберінде жүйелі құқықтық қамтамасыз етуді құрмай, оларды тиімді шешуді қамтамасыз ету мүмкін еместігін көрсетті, бұл мыналарды белгілейтін еді:
республикада қолданылатын жылумен жабдықтау жүйелерінің барлық түрлері үшін жылу энергетикасы саласындағы құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық қатынастар;
мемлекеттік органдарының осы қатынастарды бақылау және реттеу жөніндегі өкілеттіктері;
жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және тұтыну процестеріне қатысатын барлық жылумен жабдықтау субъектілерінің құқықтары мен міндеттері.
Халықтың тыныс-тіршілігі инфрақұрылымын дамыту үшін заңнаманы жетілдіру және шаралар қабылдау әдістері.
Жаңа заңнама саланың технологиялық жаңаруын, тұтынушыға сенімді, сапалы қызмет көрсету мүмкіндігін, бюджетке ең аз жүктеме түсіре отырып, қызмет көрсету кезінде шығарындылардың үлестік және абсолюттік деңгейін қысқартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беруі тиіс.
|
№ п/п |
Ұсынылған шешім |
Жұртшылықтың (нысаналы топтардың)қатынасы |
|
1 |
саланы мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруда (жоспарлауды, мониторингті, мемлекеттік бақылауды қамтитын) |
Қолданды |
|
2 |
субъектілер мен тұтынушыларға ықпал ету тетіктерінің кешенін құруда (кешен тек бұзушылықтар үшін тыйым салулар мен жауапкершілікті ғана емес, ынталандырулар мен көрсеткіштерді де көздеуі тиіс) |
Қолданды |
|
3 |
саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру |
Қолданды |
Ұсынылып отырған Заң жобасы жылу энергетикасы саласындағы негізгі нормативтік құқықтық актіге айналады, ол тәртіп орнатуға және орын алған проблемаларды жоюға мүмкіндік береді, сондай-ақ тұтынушыларға тиісті сападағы жылу энергиясын сенімді және үнемді жеткізуді және осы саладағы қызметтің инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ете отырып, саланың тиімді дамуын қамтамасыз етеді.
Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаттары:
жылу энергетикасы саласының сенімді және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін экономикалық және құқықтық негіздерді қалыптастыру;
қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жоятын және құқықтық реттеудің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін жылу энергетикасы саласындағы қатынастарды реттеудің тиімді нормативтік негізін құру;
жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өкілеттіктерін айқындау;
атқарушы биліктің әртүрлі деңгейлері, жылу энергетикасы субъектілері және бақылаушы органдар арасында жауапкершілік пен бақылау түрлерін бөлу, бекіту және сүйемелдеу;
саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, Қазақстан Республикасында жылу желілерін және жылу энергетикасының өндіруші қуаттарын жаңғырту үшін, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері арқылы инвестициялармен қамтамасыз ету;
жылу және электр энергиясын өндіретін ЖЭО үшін бағаларды реттеу бөлігінде реттеудің (бағаларды реттеу, сапаны реттеу, нарықты бақылау және мониторингілеу) заманауи қағидаттары мен әдістеріне негізделген жыл энергетикасы саласын барабар реттеуді қамтамасыз ететін реттеу жүйесін құру арқылы тарифтік және реттеу саясатын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету;
жылу энергетикасы саласына қатысушылардың жылумен жабдықтаудың барлық жүйелерінің, соның ішінде ортақ пайдаланудағы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі, жергілікті орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері және дербес жылумен жабдықтау жүйелерінің жұмысы кезінде туындайтын қарым-қатынасының ерекшеліктерін белгілеу;
жылумен жабдықтаудың және ыстық сумен жабдықтаудың сенімділігі мен тиімділігін арттыру, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің жылу желілерінде жылу энергиясы ысырабын төмендету, техникалық бұзушылықтар мен авариялық жағдайлардың санын азайту;
қолданыстағы ЖЭО жаңғырту және қажет болған жағдайда жылумен жабдықтаудың жаңа жергілікті көздерін енгізу арқылы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде отынды пайдалану тиімділігін арттыру;
күн, жел, жер асты сулары, өзендер, су қоймалары, биомассалар, өнеркәсіптік кәсіпорындардың, электр станциялары мен тазарту құрылыстарының сарқынды суларын пайдаланатын жаңартылатын көздер өндіретін жылу энергиясын пайдалануды ынталандыру үшін, сондай-ақ жылу энергиясының қоймаларын пайдалануды ынталандыру үшін жағдайлар жасау;
қолда бар базаның негізінде жылу энергиясын тұтынушылар арасында тұтынуды дәл есептеу және бөлу үшін техникалық құралдар мен шарттық-құқықтық тетіктер жасау;
қазіргі заманғы әлемдік тәжірибені ескере отырып, жылу энергетикасы саласы субъектілерінің жұмыс сапасын бағалау үшін критерийлерді айқындау;
жылу энергетикасын оңтайлы дамыту үшін жағдай жасау және жүйенің жекелеген компоненттері істен шыққан кезде жұмыс қабілеттілігін сақтау қабілетінің қажетті қорымен, ұзақ мерзімділігімен және пайдалану сенімділігімен жылу энергетикасы жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету;
жергілікті (өңірлік) деңгейде жылумен жабдықтауды кешенді жоспарлау негізінде жылумен жабдықтаудың әртүрлі жүйелері арасында (яғни ортақ пайдаланудағы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері, жергілікті орталықтандырылған жүйелері, дербес жылумен жабдықтау жүйелері арасында) оңтайлы теңгерімге қол жеткізу үшін жағдайлар жасау;
Қазақстанның қабылданған жоспарлары мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жылу энергетикасында энергия тиімділігі мен энергия үнемдеудің ең жоғары деңгейіне қол жеткізу және тұтастай салаға тиесілі шығарындылар деңгейін бір мезгілде төмендету үшін технологиялық критерийлерді айқындау;
жергілікті билік органдарының, табиғи монополиялар субъектілерінің, көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарымен қамту және толық жарақтандыру жөніндегі жауапкершілігін арттыру;
жылу өндіруші, жылу беруші, жылумен жабдықтаушы ұйымдар мен жылу энергиясы мен ыстық сумен жабдықтауды тұтынушылар арасындағы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, оның ішінде олардың бақылау функцияларын жүзеге асыру кезіндегі өзара іс-қимылын, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың жылу энергетикасы саласындағы құзыретін реттеу құқықтарын, міндеттері мен қатынастарын регламенттеу, жылу беру кезеңіне дайындық және өту жөніндегі іс-шараларды тиісінше орындамағаны және мемлекеттік органдар тарапынан пәрменді бақылау шараларын қабылдау мүмкіндігі үшін жылу өндіруші және жылу беруші ұйымдар мен тұтынушылардың жауапкершілігін арттыру;
жылумен жабдықтау объектілерінде, әсіресе көп пәтерлі тұрғын үйлер үшін жылумен жабдықтау және ыстық сумен жабдықтау жүйелерін ұйымдастыру және басқару мәселелерін шешу (МИБ немесе тұтынушылар деңгейінде).
Жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және (немесе) жабдықтау және ыстық сумен жабдықтау жөніндегі қызметтер табиғи монополия саласына жататындығына орай табиғи монополия субъектілеріне құқықтарды, міндеттер мен талаптарды белгілеуге байланысты кейбір мәселелер «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелген. Алайда, «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен нысанасын ескере отырып, көрсетілген нормалар бірінші кезекте тарифтердің негізделген деңгейін белгілеуге және оның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жылу энергетикасы туралы» заң жобасының негізгі идеясы жылу энергетикасы саласын тиімді дамыту үшін құқықтық негіз құру болып табылады.
Экономика саласы деп өндірілетін тауарлардың, технологиялардың және қанағаттандырылған қажеттіліктердің ортақтығы бар кәсіпорындар мен өндірістердің жиынтығы түсініледі. Жылу энергетикасында өндірілетін өнім – жылу энергиясы, ал қанағаттандырылған қажеттіліктер - үй-жайларды жылыту және ыстық сумен жабдықтау болып табылады.
Осыған байланысты «Жылу энергетикасы туралы» Заң барлық жылу энергетикалық секторды, атап айтқанда мыналарды реттейтін болады:
Ортақ пайдаланудағы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері, онда жылу, сондай-ақ ыстық су жылу электр орталықтарында немесе қазандықтарда өндіріледі және тұтынушыларға жылу желісі арқылы жеткізіледі. Бұл магистральдық және жылу тарату желісі табиғи монополиялық сипаттамалары бар жалпы пайдалану желісінің сипатына ие және өндіру, беру, тарату және жабдықтаудың технологиялық құндылық тізбегінде жылуды, сондай-ақ ыстық суды сатып алу-сату бар.
Жергілікті орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері, онда жылу өндіру, ыстық су сияқты, тұтынушылардың белгілі бір тобының мүдделері үшін жүзеге асырылады. Жүйеде жылу тасымалдағышты тасымалдауға арналған құбырлар бар, бірақ олар жалпы пайдалану желісінің сипатына ие емес. Жылумен жабдықтау жүйесінің меншік иесі жекелеген (тұрғын үй-құрылыс компаниясы, мүліктің (пәтерлердің) меншік иелері сияқты екі және одан да көп тұтынушылар кезінде) заңды тұлға болып табылады, жеке тұтынушыларды жылумен жабдықтау ішкі уағдаластықтар негізінде және шарттық бағалар бойынша (жылумен жабдықтау көздері мен желілерінің меншік иесінің шығындары мен пайдасына қарай оңайлатылған тетік бойынша, яғни сырттан реттелмейтін бағалар бойынша болуы мүмкін) жүзеге асырылады. Жылумен жабдықтаудың жергілікті орталықтандырылған жүйелеріне кәсіпорындардың немесе ұйымдардың өз мұқтаждары үшін өндірістік бөлімшелері болып табылатын (технологиялық және өндірістік жылумен жабдықтау) және кәсіпорынның немесе ұйымның жылумен жабдықтау жүйесіне ерікті және саналы түрде қосылған сыртқы тұтынушыларға жылу энергиясын өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлғаларды жылумен жабдықтау жүйелері де жатады.
Дербес жылумен жабдықтау жүйелеріне бір тұтынушыға қолданылатын жылу желілері (бір тұтынушы үшін жылу энергиясын өндіретін және пайдаланатын пештер, жеке газ қазандықтары, шағын күн жылыту құрылғылары, жеке жылу сорғылары және өзге де жабдықтар) кірмейді.
Жылу энергиясын өндірудің барлық көздері, жылу желілері және жылу энергиясын тұтынушылар меншік нысанына және ұйымға қарамастан, «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң шеңберінде туындайтын құқықтық қатынастардың нысанасы болуға тиіс. Басқаша айтқанда, жылу энергетикасы саласындағы қызметтің жаңа субъектілерін іске қосудан бастап (көздің түрі, отын түрі, жылумен жабдықтау схемасы, түпкі тұтынушы) пайдалануға дейінгі барлық кезеңдерінде «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заңда нақты, қолжетімді критерийлер белгіленуге тиіс, түпкі мақсаты – заманауи энергия тиімді материалдарды, жабдықтар мен технологияларды (оның ішінде ЖЭК) қолдана отырып, бұрыннан бар инфрақұрылымды, сондай-ақ түпкі тұтынушылардың объектілерін жаңғырту жәнепайдалану және жаңасын салу. .
«Жылу энергетикасы туралы» Заң мыналарды реттейді/айқындайды:
Заң жобасы 14 тараудан тұрады:
1-тарау. Жалпы ережелер
2-тарау. Жылу энергетикасындағы мемлекеттік реттеу
3-тарау. Жылу энергетикасындағы жоспарлау және мониторинг
4-тарау. Жылу энергетикасы саласындағы тариф белгілеу
5-тарау. Жылумен жабдықтаудың жүйелері
6- тарау. Жылу энергетикасы субъектілері мен тұтынушылар
7-тарау. Жылу энергетикасы субъектілері мен тұтынушылар арасындағы шарттар және Жылумен жабдықтау қағидалары
8-тарау. Жылумен жабдықтауға арналған отын
9-тарау. Жылу энергетикасы саласындағы техникалық және технологиялық нормалар
10-тарау. Энергия үнемдеу, энергия тиімділігі және жылу энергетикасы саласындағы жаңартылатын энергия көздері
11-тарау. Жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету
12-тарау. Жылу энергетикасы саласындағы инвестициялар
13-тарау. Авариялық жағдайларда және төтенше жағдай жарияланған кезде жылумен жабдықтау
14-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
«Жылу энергетикасы туралы» Заң жобасын қабылдаудың оң әлеуметтік-экономикалық салдары болады (орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың және ыстық сумен жабдықтаудың сенімділігі мен үнемділігін арттыру, жылу энергиясын өндіруге және беруге инвесторлар мен тиімді меншік иелерін тарту, көрсетілген саланың даму орнықтылығын арттыру).
Атап айтқанда, «Жылу энергетикасы туралы» Заңды әзірлеудің, қабылдаудың және қолданудың стратегиялық маңызды нәтижелері мынадай факторлар болуы мүмкін және болуға тиіс:
қолжетімді, сенімді және үздіксіз жылумен және ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін экономикалық және құқықтық негіздерді қалыптастыру;
жылу энергетикасы саласын «тұрақты» деңгейге дейін қаржылық сауықтыру;
жылумен жабдықтау және ыстық сумен жабдықтау саласындағы қатынастарды реттеудің қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жоятын және құқықтық реттеудің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін тиімді нормативтік негізін құру;
тұтынушылардың барлық санаттары үшін жылумен жабдықтау бойынша көрсетілетін қызметтердің әділ құнын құру;
жылу энергиясын тұтынушылардың заңды мүдделері мен қорғау шараларын жетілдіру;
жылумен жабдықтау жүйесінің негізгі элементі ретінде жылумен жабдықтау ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын арттыру;
жылумен жабдықтау жүйесінің негізгі элементтері ретінде жылу өндіруші, жылу беруші және жылумен жабдықтаушы ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын арттыру;
салалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін енгізу;
сектордағы ысыраптар мен шығындардың барлық түрлерін физикалық қол жетімді мәнге дейін азайту;
30-50 жылға дейінгі болжаммен жүйенің жекелеген компоненттері істен шыққан кезде жұмыс қабілеттілігін, жүйенің сенімділігі мен жалпы пайдалану ресурсын сақтау қабілетін арттыру;
заманауи, әлемдік жетістіктер мен технологияларды (оның ішінде ЖЭК, энергия тиімділігі және энергия үнемдеу бойынша) енгізу;
сектордың барлық кәсіпорындарының қызметін тиісті деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін қазіргі заманғы цифрлық технологияларды қолдану, атап айтқанда, есептеу аспаптарының көрсеткіштерін автоматтандырылған жинауды, шоттар беруді және төлемдердің жиналуын бақылауды ұйымдастыру, кәсіпорындардың жұмысын сапалы қысқа мерзімді жоспарлауды қамтамасыз ету, пайдалану процесінде берілген жұмыс параметрлерін қолдауды автоматтандыру, сондай-ақ жүйенің жұмысы туралы деректерді мұрағаттау
жылу энергетикасы үлесіне келетін ластаушы заттар шығарындыларын азайту.
Заң жобасын қабылдау оны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен қаржы шығыстарын талап етпейді.
Осы Заң жобасы енгізілгеннен кейін жылу энергетикасы мәселелері жөніндегі бірқатар нормативтік құқықтық актілерге, мынадай негізгі актілерді қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қажет:
Қазақстан Республикасының Кодекстері:
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі;
- Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі.
Қазақстан Республикасының Заңдары:
- «Электр энергетикасы туралы»;
- «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы»;
- «Табиғи монополиялар туралы»;
- «Мемлекеттік мүлік туралы»;
- «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы».