Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылғы 9 шілдедегі №138-Ж бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 10 шілдеден бастап Дархан Әріпұлы Сыбанбаев Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасы директорының уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Дархан Әріпұлы – медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер-хирург. Денсаулық сақтау саласында 30 жылдан астам еңбек өтілі бар.
Еңбек жолында дәрігер-хирург қызметінен бастап, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына дейінгі кәсіби жолдан өтті. 2020 жылдан Қарғалы ауылдық аудандық ауруханасының директоры қызметін атқарса, 2024 жылдан бері Жамбыл көпбейінді ауданаралық ауруханасын басқарды.
Дархан Әріпұлының мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі өңірдің денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға өз үлесін қосатынына сенім білдіреміз. Жаңа қызметіне табыс, жауапты жұмысында толағай жетістіктер және мықты денсаулық тілейміз.
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында мотокөлік құралдарына арналған арнайы белгіленген маршруттар жоқ.
ЕҚТА (ерекеше қорғалатын табиғи аумақтар) аумағында жалпыға ортақ автомобиль жолынан тыс жерге шығуға тыйым салынады.
Сондай-ақ орман шаруашылығы жолдарымен және мал айдау соқпақтарымен жүруге тыйым салынады.
Аталған әрекеттер ерекше қорғалатын табиғи аумақ режимін бұзу болып есептеледі және:
* ЕҚТА аумағында заңсыз болғаны үшін;
* ЕҚТА-ның белгіленген режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке әкеп соғады.
Тыйым салудың себебі:
Мотокөлік құралдарының қозғалысы жабайы жануарларға мазасыздық туғызады және топырақ жамылғысының бұзылуы мен эрозиясына әкеледі.
ЕҚТА аумағында болу қағидаларын сақтауларыңызды және тек жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен ғана жүрулеріңізді сұраймыз.
Астана күнінде, яғни 6 шілдеде халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істемейді.
Ал 4 шілде, сенбі күні кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-ларда қызмет көрсетіледі. Кезекші халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтарды сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін қабылдайды. Мамандандырылған ХҚКО-ларда өтініштерді қабылдау сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін, ал дайын құжаттарды беру сағат 13:00-ге дейін жүзеге асырылады.
7 шілдеден бастап ХҚКО-лар мен мамандандырылған ХҚКО-лар қалыпты жұмыс кестесіне көшеді.
Кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың өзекті тізімін Мемлекеттік корпорацияның Instagram-дағы ресми парақшасынан, сондай-ақ 1414 байланыс орталығы арқылы білуге болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Грузияның Әділет үйі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін дамытуға және халықпен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың тәжірибе алмасып, азаматтардың заманауи сұраныстарына сай тиімді шешімдерді бірлесіп әзірлеуге ниетті екенін айқындайды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ұйымдастырудағы үздік тәжірибелермен алмасу, жасанды интеллект технологияларын, роботтандыру мен процестерді автоматтандыру құралдарын пайдалана отырып цифрлық қызметтерді дамыту көзделген. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасының заманауи стандарттарын енгізу арқылы клиенттік тәжірибені жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады.
«Себебі жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерді уақытында меңгеру өте маңызды. Біздің мақсатымыз - тек жақсы тәжірибемен танысу емес, олардың ішіндегі ең тиімдісін таңдап, Қазақстан азаматтарының қажеттіліктеріне бейімдеу. Сонымен қатар бұл - өзара тиімді серіктестік. Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда жақсы нәтижелерге қол жеткізген елдердің бірі. Сондықтан біз халықаралық тәжірибені үйреніп қана қоймай, өз жетістіктерімізбен де бөлісуге дайынбыз», - деп атап өтті мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Меморандум кадрлық әлеуетті дамыту бағытындағы ынтымақтастықты да қамтиды. Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды, қызметкерлердің біліктілігін арттыруды, сондай-ақ тағылымдамалар мен оқыту іс-шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар өзара қызығушылық тудыратын ғылыми-зерттеу және талдамалық жобаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.
«Бұл сапар біз үшін ерекше маңызға ие. Себебі ол жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен практикалық шешімдермен алмасуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңін бастап, жүйелі әріптестіктің негізін қалайды», - деді Грузияның Әділет үйінің төрағасы Вахтанг Жвания.
Айта кетейік, екі күндік сапар аясында қазақстандық делегация Грузияның Әділет үйінде болып, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен, қолданыстағы цифрлық шешімдермен және клиенттер ағынын басқару жүйесімен танысты. Сондай-ақ Грузия Ішкі істер министрлігінің Сервистік агенттігі мен Грузия Әділет оқу орталығында кездесулер өтіп, тараптар алдағы ынтымақтастықтың дамуын талқылады.
Жалпы қағидалар
Жеке қауіпсіздік – басты басымдық.
ҚАТАҢ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ: күмәнді заттарға қол тигізуге, күдікті тұлғаларды өз бетінше ұстауға.
Барлық әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
______________
Есірткі «жасырын қоймасын» анықтаған кезде
1. Затқа қол тигізбеңіз.
2. Орналасқан жерін тіркеңіз (координаттар, фото, видео).
3. Дереу 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.
4. 102 операторыңа бар ақпаратты хабарлаңыз (нақты мекенжай, бағдарлар, заттың сипаттамасы).
5. Мүмкіндігінше, полиция келгенге дейін затты көзбен бақылауда ұстаңыз.
6. Тек полиция қызметкерлерінің нұсқауы бойынша әрекет етіңіз.
______________
Есірткі тасымалдаушыны (курьерді) анықтаған кезде
1. Байланысқа түспеңіз.
2. Күдіктінің белгілерін тіркеңіз (жалпы сипаттама: ұлты, бойы, жасы, ерекше белгілері, киімі, қозғалыс бағыты, автокөліктің мемлекеттік нөмірі болса).
3. Дереу 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.
4. Операторға барынша толық ақпарат беріңіз.
5. Қауіпсіз қашықтықта бақылаңыз, күдіктімен байланысқа түспеңіз.
______________
Құқықтық салдары
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі:
• 112-бап – қажетті қорғаныс шегінен шығу.
• 125–126-баптар – заңсыз бас бостандығынан айыру.
• 296–297-баптар – есірткі құралдарын заңсыз сақтау немесе өткізу.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бұйрығына сәйкес, Акимов Даурен Абилакинович Еңбекшіқазақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
Бұған дейін ол Талғар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін атқарған.
Құжаттарды үйге жеткізу қызметі дайын құжаттарды ХҚКО-ға қайта бармай-ақ алуға мүмкіндік береді және бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді. 2026 жылы бұл қызметке сұраныс артып келеді - алғашқы үш айда 426 жеткізу рәсімделгенін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады.
Қызметті өтініш беру кезінде бірден рәсімдеуге болады. Құжат дайын болған соң ол көрсетілген мекенжайға жеткізіледі. Бұл уақытын үнемдегісі келетін немесе орталыққа өзі бара алмайтын азаматтар үшін өте ыңғайлы.
Жеткізуді өтініш беру кезінде бірден рәсімдеуге болады. Ол үшін мекенжайды көрсетіп, қызмет ақысын төлеу жеткілікті. Құжат дайын болған соң курьер қызмет алушымен байланысып, сол күні жеткізіп береді. Құжатты алу кезінде жеке куәлік пен растау коды тексеріледі
Айта кету керек, курьерлік жеткізу 15 мемлекеттік қызметті қамтиды. Оның ішінде туу, неке, ажырасу және қайтыс болу туралы қайталама куәліктер, архивтік анықтамалар мен білім туралы құжаттардың телнұсқалары, сондай-ақ апостиль қою және азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру бар.
Қызмет құны өңірге байланысты: Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жеткізу бағасы 2061 теңге болса, басқа өңірлерде - 1036 теңге.
Бұл ретте құжатты жеткізу процесін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады. Бұл құжаттың қай кезеңде екенін артық қоңырауларсыз білуге мүмкіндік береді.
Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бұл қызмет 2024 жылы іске қосылып, құжаттарды алу процесін жеңілдетуге, уақытты үнемдеуге және ХҚКО-ға қайта бару қажеттілігін азайтуға бағытталған.
2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда жер қатынастары саласындағы үш қызмет цифрлық форматқа көшті. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының хабарлауынша, енді жердің нысаналы мақсатын өзгерту, жалдау мерзімін ұзарту және жер учаскесін сатып алу қызметтерін онлайн алуға болады.
Цифрлық форматқа көшкен қызметтердің бірі – жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту. Мәселен, ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жер учаскесін құрылысқа пайдалану үшін оның нысаналы мақсатын қашықтан өзгертуге болады.
Сондай-ақ жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту қызметі де онлайн қолжетімді. Егер жалдау мерзімі аяқталуға жақындаса, оны ұзарту туралы өтінішті 90 күн бұрын онлайн беруге болады.
Бұдан бөлек, жер учаскесін жеке меншікке сату рәсімі де цифрландырылды. Жерді онлайн түрде біржолғы төлеммен немесе бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады. Бұл меншік құқығын рәсімдеу процесін жеңілдетеді.
Қызметтер «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесі, электрондық үкімет порталы және жергілікті атқарушы органдардың жүйелері арқылы көрсетіледі. Бұл негізгі процестерді онлайн форматқа көшіруге және өтініштердің мәртебесін жүйе арқылы бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Қызметтерді автоматтандыру «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесін дамыту аясында жүзеге асырылды және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытының бір бөлігі болып табылады. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызметтерді, соның ішінде жер қатынастары саласындағы қызметтерді де кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіріп, азаматтар мен бизнес үшін олардың қолжетімділігін арттыруды жалғастырады.