
2020 жылы Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға арналған шығындар 10%-ға, техникалық оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуді қаржыландыру 17%-ға өсті. Бұл туралы, сондай-ақ мүгедектерді әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.
Еңбекминінің басшысы мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсету министрлік жұмысының ең басты деген басымдықтарының бірі болып табылатындығын атап өтті. Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдауды күшейту және оларды қоғам өміріне тарту мақсатында 19 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілген.
Бұнымен қатар 2020 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Оның көмегімен мүмкіндігі шектеулі адамдар өнім жеткізушілерден техникалық қалпына келтіру құралдарына (бұдан әрі – ТҚКҚ) және арнаулы әлеуметтік қызметтерге (бұдан әрі – АӘҚ) тікелей тапсырыс бере алады. Порталда қазірдің өзінде ТҚКК 24 түрі орналастырылған, ал порталдың толық іске қосылуы 2021 жылға жоспарланып отыр.
Бұдан басқа емдеу-шипажайлық ем алу мерзімі де реттеледі (14 күнтізбелік күн). Мүгедектердің өтініші бойынша жеке көмекшілерге ақы төлеудің бірыңғай тәртібі белгіленді; кохлеарлық импланттарды қайтару міндеттемесі олардан алынып тасталды; мүгедектік тобы мерзімі шектеусіз белгіленетін, орны толмайтын анатомиялық ақаулардың тізбесі кеңейтілді; ересектерге 5 жылға мүгедектік белгіленетін аурулардың тізбесі бекітілді. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізуге кезең-кезеңімен көшу жоспарлануда.
«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауды қаржыландыру 10% -ға өсті және 2019 жылғы 315 млрд теңгемен салыстырғанда, 2020 жылы 347 млрд теңгені құрады. TҚКҚ және АӘҚ-мен қамтамасыз етуді қаржыландыру 17%-ға артып, 2019 жылғы 86 млрд теңгеге қарағанда, 101 млрд теңгені құрады» – деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ, министр, алдағы жылдары мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау негізгі басымдық ретінде белгіленгенін айтты.
«Бүгінде Қазақстанда еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының төрттен бір бөлігі ғана еңбек қызметімен айналысады. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 40%-ға жетеді. Келесі екі жыл ішінде алдымызға мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуын 30%-ға жеткізу міндетін қойдық. Ол үшін қосымша 20 мың адамды жұмыспен қамту қажет. Мүгедектігі бар адамдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және жұмыс берушілермен бірге мүгедектерді экономикалық қызметке тартуға кедергі болатын негізгі түйткілдерді және оларды шешу жолдарын анықтадық», – деп атап көрсетті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Мүгедектігі бар адамдарды белсенді еңбекке тарту үшін олардың құзыреті туралы дерекқорын құру және мүгедектігі бар адамдар жұмыс істей алатын Кәсіптердің атласын жасау жоспарлануда. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту үшін жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін медициналық-әлеуметтік сараптама орындарына жіберу көзделуде. Оның негізгі тетігі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы болады.
Сонымен бірге «TenQogam» әлеуметтік қолдау орталықтары құру жоспарланған, онда бизнес жобаларды дамытуға көмек көрсетіледі және кәсіптік білім беріледі.
«Барлық өңірлерде оңалту орталықтары жұмыс жасап, мүгедектігі бар 18 жастан асқан адамдарды кәсіптік бейімдеу және сауықтырумен айналысатын болады. 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде 8 өңірде жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарлануда. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта жасау жұмыстарын жалғастырады», – деп толықтырды есебін Біржан Нұрымбетов.
Министр мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында заңнаманы одан әрі жетілдіру қарастырылғанын баса айтты.
«Біздің министрлік әзірлейтін «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» жаңа заң жобасының негізгі бағыттары: мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігін арттыру жөніндегі шараларды күшейту және оларды әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын енгізу», – деп қорытындылады өз сөзін Еңбекминінің басшысы.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 697,6 мың мүгедектігі бар адам тұрып жатыр.