
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Атырау қаласында Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін жергілікті атқарушы органдар, азаматтық белсенділер мен ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеу шеңберінде қоғамдық бастамаларды көтерді.
Тұжырымдаманы қабылдау Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын іске асыру аясында қарастырылған.
Тұжырымдама ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтардың тыныс-тіршілігінің барлық салаларын қамтитын болады. Оның мақсаты мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және мүмкіндіктерін кеңейту, әлеуметтік интеграция және азаматтық қоғамды мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауға тарту болады.
«Мүгедектігі бар адамдарға деген көзқарас – бұл қоғамның жетілуінің көрсеткіші. Бұл көрсеткішті қалыптастыруда үкіметтік емес сектордың өкілдері маңызды рөл атқарады. Өздеріңізден басқа ешкім азаматтарымыздың ерекше қажеттіліктері бар проблемаларын объективті және дәл айқындай алмайтынын түсінеміз, сіздердің үлестеріңіз азаматтық сұранысты объективті есепке алу үшін өте маңызды. Біздің міндетіміз – әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың пікірін барынша ескеру», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова.
Инклюзивті саясаттың өзекті мәселелері бойынша диалог сындарлы түрде өтті.
Сондай-ақ Назгүл Сағындықова мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін әлеуметтік нысандарды жұмыс тәртібімен аралады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін осындай кездесулер Астанада (Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары жұртшылығының онлайн режимде қатысуымен), Алматы қаласында (Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы жұртшылығының онлайн режимде қатысуымен), Семейде (Абай, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстары жұртшылығының онлайн режимде қатысуымен) өткізілді.