
2024 жылғы 15 ақпанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (бұдан әрі – Еңбекмині) 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова, бірқатар орталық мемлекеттік органдардың, мүгедектігі бар адамдардың үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, белсенділер қатысты.
Бүгінде Қазақстанда 725 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, бұл халықтың жалпы санының шамамен 3,6 %-ын құрайды.
Тұжырымдама жобасы мүгедектігі бар адамдардың тіршілік әрекетінің барлық салаларын қозғайтын, сондай-ақ БҰҰ-ның Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі конвенциясының ережелерін сақтау жөніндегі Қазақстанның халықаралық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ететін құжат болады.
«Мемлекет басшысы инклюзивті қоғам құру міндетін қойды. Тұжырымдаманы әзірлеудің мақсаты мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мен мүмкіндіктерін кеңейту және олардың әлеуметтік интеграциясы болып табылады. Біз үшін үкіметтік емес сектор өкілдерімен бірлесе отырып, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, біздің отандастарымыздың нақты қажеттіліктері мен қалауын көрсететін жаңа инклюзивті саясатты қалыптастыру маңызды. Біз еліміздің барлық өңірінен қоғамдық қозғалыстар мен үкіметтік емес сектор көшбасшыларын талқылау үдерісімен барынша қамтуды жоспарлап отырмыз. Өңірлік қағидаты бойынша жұртшылықпен кездесулер жоспарланған», – деді вице-министр Назгүл Сағындықова.
«ITeachMe» құзыреттілікті дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Захира Бегалиеваның айтуынша, Тұжырымдама – ел үшін маңызды стратегиялық құжат болады.
«Инклюзия – бұл туғаннан және өмір бойы мүгедектігі бар адамдардың ерекшеліктері ескерілгенде, инклюзивті процесс қалдық тәсіл бойынша жүрмеуі тиіс, ол азаматтарды әлеуметтік қолдаудың барлық мемлекеттік бағдарламаларына енгізілуі тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы, оның физикалық ерекшеліктеріне қарамастан, өзін-өзі жан-жақты дамыта алуға тиіс. Бүгінгі күнде білім беру қызметтерін алу, көліктік, қаржылық, ақпараттық, сапалы медициналық көмек, оңалту және абилитация, құқықтарды қорғау және т.б. қоса алғанда, барлық инфрақұрылымның қолжетімділігі бойынша көптеген мәселелер келіп түсуде. Тұжырымдама жобасында мүгедектігі бар адамдар өміріндегі барлық аспектілері қарастырылады», – деп атап өтті Захира Бегалиева.
Дөңгелек үстел барысында әркім Тұжырымдама жобасына өзінің нақты ұсыныстарын енгізе алды. Қатысушылардың пікірлері мен ұстанымдары
2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасын әзірлеу бойынша басталған жұмыс шеңберінде қаралатын болады.
Бүгінгі іс-шара үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және Астана қаласы мен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарының белсенділерімен өтті. Жақын арада Тұжырымдама жобасын талқылау бойынша осындай іс-шаралар Алматы, Жетісу, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының, Шымкент қаласының ҮЕҰ шақыра отырып, Алматы қаласында өткізіледі. Наурыз айында батыс және шығыс өңірлерінің белсенділерімен іс-шара жоспарлануда.