
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қоспағанда, Жұмыспен қамтудың жол картасын (бұдан әрі – ЖҚЖК) және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде Қазақстанда 196,4 мың жұмыс орны құрылды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.
Еңбекмині басшысының айтуынша, ЖҚЖК аясында 5 313 жобаны жүзеге асыру басталды, оның аясында 103 мың жұмыс орны құрылды.
«Құрылған жұмыс орындарына 90,7 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы – 47,3 мың адам, олардың 35%-ы – жастар», – деді Біржан Нұрымбетов.
Министр сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын есепке алмағанда, басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде 93,4 мың жұмыс орны құрылғанын хабарлады: Нұрлы жол – 41,3 мың, Цифрлық Қазақстан – 8,4 мың, Нұрлы жер – 7,2 мың, Өңірлерді дамыту – 5,6 мың орын, Туризмді дамыту – 4,4 мың, БЖК – 2025 – 9,5 мың, АӨК – ні дамыту – 8,6 мың, БҒДМБ – 2,1 мың, ИИДМБ – 2,2 мың, ДСДМБ – 4,1 мың.
Естеріңізге сала кетейік, ЖҚЖК аясында Қазақстанда 6,5 мың жоба жүзеге асырылады, оларда 2020 жылы 255 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл ЖҚЖК қатысушыларының отбасы құрамына кіретін шамамен 1 млн. адамды табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыспен қамтудың жол картасы аралас салаларда 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға негіз болады. 615 жаңа нысан болашақта әлеуметтік активке айналады.