
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Орталық Азия елдері үшін Француз даму агенттігінің (бұдан әрі – ФДА) Өкілдігінің басшысы Винсент Копенмен кездесу өткізді. Тараптар жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Келіссөздер барысында Светлана Жақыпова ФДА өкіліне Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуы туралы айтты.
«Даму жылдарында Қазақстан атаулы және әлеуметтік көмектің тиімділігі бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Біз көмекке мұқтаж отбасыларды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасын іске қостық және мұндай отбасылармен жергілікті атқарушы органдар жұмыс істейді. Сондай-ақ, Отбасының цифрлық картасы негізінде түрлі мемлекеттік қызметтер проактивті түрде көрсетіледі. Мысалы, бала босанған әйел тиісті жәрдемақыны өтінішсіз тағайындау туралы ұсыныспен SMS алады. Қазір мұндай қызметтердің 13 түрі бар, болашақта олардың санын 80-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істейді.
Биыл бізде әлеуметтік қорғаудың барлық бағыттарын реттейтін Әлеуметтік кодекс қабылданды», – деді министр.
Өз кезегінде Винсент Копен Француз даму агенттігінің қызметі туралы хабардар етті.
«Біздің агенттікті Дүниежүзілік және Азиялық даму банктерімен салыстыруға болады. Агенттік 100-ден астам елде жұмыс істейді, серіктестерімізге өмір сапасын жақсартуға және қоршаған ортаны сақтауға көмектесеміз. Біз ұзақ мерзімді қарыздар береміз, сондай-ақ елдің сұранысына байланысты әртүрлі бағыттар бойынша техникалық қолдау көрсетеміз. Болашақта Қазақстанмен де жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз», – деді Орталық Азия елдері үшін ФДА Өкілдігінің басшысы.
Кездесу барысында Светлана Жақыпова қазіргі уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметкерлерді даярлау үшін білім беру бағдарламасының негізі болатын кәсіптік стандарттарды қалыптастырып жатқанын және бұл мәселеде Францияның тәжірибесі қызығушылық тудырып отқанын атап өтті.