
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, ҮЕҰ өкілдерімен және өңір тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру және Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясаты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Сондай-ақ, Ақмәди Сарбасов қоныс аударған отбасыларға барып, олардың тұрмыс жағдайларымен танысып, Кәсіподақ орталығының өкілдерімен жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады.
Бірінші вице-министр іссапарын «Мұнаймаш» АҚ және «Петропавл электротехникалық зауытында» болып, кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесуден бастады. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді.
«Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Атап айтқанда, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, кәсіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу және т.б. ұсынылатын болады.
Еңбекмині зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін осы санаттағы азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу мәселесін пысықтауда», – деді Ақмәди Сарбасов.
Сондай-ақ ол халықтың табысын арттыру мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері (бұдан әрі – ЕТЖ) 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайтылатынын айтты. Нәтижесінде барлық әртүрлі саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай табысы артады.
Бұдан басқа Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақының мөлшерін айқындайтын әдістеменің жобасын әзірлеп, оған сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады.
Сонымен бірге Еңбекмині мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамту саласында жұмыс істейтін азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау тетіктерін пысықтауда.
Әрі қарай вице-министр қоныс аударушылардың отбасыларына барып, олардың жаңа қоныстарындағы жағдайларымен танысып, халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер, азаматтарға жаңа дағдыларды оңай және тез үйренуге және жұмыс табуға мүмкіндік беретін әлеуметтік-еңбек саласының цифрлық жүйелері туралы хабардар етті.
«Бүгінгі күнде жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, МӘСҚ-тен жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш беру процестері толығымен цифрландырылып, Электрондық еңбек биржасы арқылы іске асырылуда. Әлеуметтік кодексте көзделген келесі қажетті қадам жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау болды. Мәселен, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда облыс орталықтары мен мегаполистерде 20 еңбек мобильділігі орталығы құрылды, ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары мансаптық орталықтарға айналды», – деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар, Ақмәди Сарбасов халықпен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Вице-министр жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясатына баса назар аударды.
«Бұл өзгерістердің негізі 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Әлеуметтік кодексте көрініс тапты. Біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесінің парадигмасын түбегейлі өзгертуді көздейді: яғни ол әлеуметтік сын-қатерлердің салдарын жоюға емес, керісінше өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталатын болады. Екіншіден, әлеуметтік саланы цифрландыруды тереңдету және соның арқасында әлеуметтік қолдауды алудың бүгінгі өтініш беру нысанынан, адресті анықтау нысанына және оны проактивті форматта көрсету жүйесіне көшу қарастырылған. Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, жұмыс берушіге және азаматтың өзіне де жүктелетін болады. Бұл жаңа әлеуметтік контракт негізінде іске асырылатын болады. Төртіншіден, нәтижелі және формальды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталған сақтандыру жүйесін дамыту көзделген», – деді Ақмәди Сарбасов.
Вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, өңір тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Ақмәди Сарбасов кезек күттірмейтін өтініштер бойынша толыққанды жауап беріп, қарауға қосымша уақытты қажет ететін мәселелерді жеке бақылауына алды.
Жұмыс сапарының соңында вице-министр Кәсіподақтар орталығының өкілдерімен кездесті.