ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Оған орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар басшыларының орынбасарлары, республикалық кәсіподақтар бірлестіктері мен жұмыс берушілердің өкілдері қатысты.
Отырыста еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі жұмыс барысы, оның ішінде жалақы бойынша берешек, еңбек жанжалдары және т. б. өзге де мәселелерді шешу үшін жүргізіліп жатқан іс-шаралар қаралды.
Сонымен қатар, күн тәртібіндегі келесі тақырыптар қаралды: әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялардың жұмысы, Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастықтың кейбір мәселелері, оның ішінде «Лайықты еңбек» бағдарламасын қайта бастау бойынша, сондай-ақ ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесін заңнамалық бекіту бойынша жүргізілетін жұмыс.
Отырыс барысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын өткізуді ұйымдастыру бойынша қабылданып жатқан шаралар және жыл сайынғы «Еңбек жолы» республикалық конкурсының өңірлік кезеңін өткізу қорытындылары талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге еңбек жанжалдарын шешуге және оны болдырмауға, әлеуметтік әріптестік шеңберіндегі өзара іс-қимылға, халықаралық стандарттарға сәйкес ұлттық заңнаманы пысықтауға қатысты жүргізіліп жатқан жұмысты күшейту және тиісінше орындау, ең төменгі жалақыны айқындау әдістемесін заңнамалық бекіту үшін шаралар қабылдау және «Еңбек күнін» мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспарын орындау жөнінде бірқатар тапсырмаларды берді.