
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып, халықпен кездесулер өткізді, оның барысында әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңалықтар туралы айтты.
Ақтауға келгеннен кейін вице-министр Көші-қон қызметтері орталығына келушілермен кездесіп, оларға Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының негізгі ережелері туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ол этникалық қазақтар үшін Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігін енгізу туралы хабарлады.
«2023 жылдың шілдесінен бастап «Ата жолы» картасын беру басталады. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын жоғалтпастан берілетін болады. Оның иелері елімізге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат ала алады.
«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақ мәртебесі қандастан өзгешелеу болады, өйткені ол басқа елдің азаматы бола отырып, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау және сайлану, республикалық референдумға қатысу және мемлекеттік қызметке қол жеткізе алмау құқығын қоспағанда, ҚР азаматтарымен және қандастармен тең құқықтарға ие бола алады», – деді Ербол Оспанов.
Кейіннен вице-министр халықты жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысып, Маңғыстау облысының үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлерімен әлеуметтік-еңбек саласы және ҚР Әлеуметтік кодексінің новелласы мәселелерін талқылады.
«Әлеуметтік кодекс – бұл ТМД аумағында алғаш рет қолданысқа енгізілетін бірыңғай әлеуметтік құжат. Ол адамның туғаннан бастап қартайғанға дейінгі бүкіл өмірлік циклін қамтиды және әлеуметтік қолдау мен сақтандыру шараларын ғана емес, сонымен қатар жұмыспен қамту мен қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуді де қамтиды», – деп атап өтті ол.
Бұл ретте Кодексте көзделген кейбір әлеуметтік қолдау шаралары, мысалы, бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту және атаулы әлеуметтік көмек алатын 1-6 жастағы балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау жыл басынан бастап көрсетіле бастады. Ал ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтардың жекелеген санаттары үшін жәрдемақылардың мөлшері 14,5%-ға артады, мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау басталады.
Сондай-ақ, Ербол Оспанов жыл басынан бері қолданысқа енгізілген Отбасының цифрлық картасы халыққа белсенді қызмет көрсету құралы ретінде толыққанды жұмыс істейтінін атап өтті. Есепті кезеңде 800 мыңнан астам азамат мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға SMS жолдады. Оның ішінде 650 мың адамға төлемдер проактивті түрде тағайындалды, 95 мың азаматқа – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы тағайындалды.
Жұмыс сапары барысында вице-министр тұрғындармен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізеді, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдайды және Ақтау қаласының №3 Арнаулы қызметтер орталығы мен Өз бетінше тұру орталығының жұмысымен танысатын болады.