О. Ордабаев Атырау облысының тұрғындарына Әлеуметтік кодекс туралы айтып берді

О. Ордабаев Атырау облысының тұрғындарына Әлеуметтік кодекс туралы айтып берді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҮЕҰ өкілдерімен, мүгедектігі бар адамдармен, ардагерлер ұйымының өкілдерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесу өткізді. Ол ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген балалары бар отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы айтты.

Сөзінің басында вице-министр  Әлеуметтік кодекс – бұл ТМД аумағында алғаш рет қолданысқа енгізілетін және адамның бүкіл өмірлік циклін қамтитын бірыңғай әлеуметтік құжат екенін атап өтті, атап айтқанда: туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау; еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамту; еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету; әлеуметтік сақтандыру шаралары; өмірлік жағдайға байланысты қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек; қарттарды қолдау.

«Әлеуметтік кодексте, біріншіден, мемлекеттік қолдау парадигмасын түбегейлі өзгерту көзделеді: ол салдарын жоюға емес, өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталатын болады. Екіншіден, әлеуметтік қызметтерді көрсетудің бүгінгі күні қолданылатын өтініш формасынан оларды ұсынудың анықтау нысаны мен проактивті форматына көшуді қамтамасыз ететін әлеуметтік саланы цифрландыруды тереңдету. Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету үшін жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, жұмыс берушілер мен азаматтардың өздеріне де жүктелетін болады. Бұл міндеттемелер жаңа әлеуметтік келісімшарт аясында жүзеге асырылады. Төртіншіден, әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту жөніндегі шаралар нәтижелі және ресми жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталатын болады. Бесіншіден, халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер еңбек нарығын ырықтандыруды, жұмыс күшінің дағдыларын арттыруды және жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялауды көздейді», – деді Олжас Ордабаев.

Вице-министр Әлеуметтік кодексте көзделген бірқатар шаралар ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылғанын, бұл ретте балалы отбасыларды қолдауға ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Жыл басынан бері бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Бүгінде 450 мыңнан астам отбасы осындай көмек алды. Жыл соңына дейін 800 мыңнан астам отбасын қамту жоспарлануда.

Атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет енді ақшалай түрде беріледі. Жыл басынан бері мұндай көмек 171 мыңнан астам балаға көрсетілді. Жыл соңына дейін 212 мың балаға беру жоспарлануда.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық көрсеткішке дейін артып, 90 мың анаға төлене бастайды», – деді Олжас Ордабаев.

Ол сондай-ақ Әлеуметтік кодексте ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көп көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтын адамдарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға ұлғаяды. Жыл басынан бері жәрдемақылар мөлшерінің 8,5%-ға ұлғаюын ескере отырып, төлемдер мөлшері өткен жылдың деңгейіне қарағанда жалпы алғанда 23% - ға ұлғаяды.

Бұдан басқа, Әлеуметтік кодексте әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау көзделген, оның басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің (бұдан әрі – АӘҚ) қолжетімділігін арттыру», – деді Олжас Ордабаев.

Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту көзделеді. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары тиісті жалақымен және әлеуметтік аударымдармен жеке көмекшілер ретінде рәсімделеді.

Тағы бір өзгеріс – АӘҚ стандарттарын қайта қарау және жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу. Қызметтер үшін жекелеген нормативтер, ал өтемдік техникалық құралдар үшін шекті бағалар болады. Бұл өзгерістер, бір жағынан, техникалық құралдардың немесе тауарлардың кейбір түрлерін одан әрі монетизациялауға әкеледі, екінші жағынан, жеке секторды кеңінен тарту, әсіресе ауылдық елді мекендерде АӘҚ қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – ӘҚП) бойынша комиссияларға жаңа өкілеттіктер беру көзделеді: сапасыз тауар немесе қызмет туралы мүгедектігі бар адамдардың өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау; анықталған кемшіліктерді түзету мерзімдерін көрсете отырып, өнім берушіге хат жолдау және оның орындалуын бақылау; ӘҚП-дан өнім берушіні шығару туралы шешім қабылдау және жосықсыз жеткізушілер тізіміне енгізу.

Сондай-ақ, Әлеуметтік кодекс әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын талаптарды және олардың мәртебесін арттырады.

Осылайша, біліктілігі тәуелсіз бағалаумен расталған сертификатталған мамандар ғана әлеуметтік жұмыспен айналыса алады. Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі, көрсетілген қызметтердің түрі мен сапасы туралы толық ақпараты бар тізілімі жасалады. Сондай-ақ, көрсетілетін қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескере отырып, әлеуметтік қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралатын болады.

«Мүгедектігі бар адамдар мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын қарау қорытындысы бойынша бірқатар қосымша шаралар қарастырылды, мысалы: азаматтарға берілетін гигиеналық құралдардың нормативін екі есе арттыру, психикалық аурулары бар балаларды санаторий-курорттық емдеу бойынша пилоттық жобаны енгізу, инватакси проблемасын шешу үшін Яндекс таксимен уағдаластықтарға қол жеткізу», - деп қосты Олжас Ордабаев.

Сондай-ақ, вице-министр азаматтарды қабылдады, оның барысында ол 3 адамның мәселелерін қарастырды. Өңір тұрғындары еңбек құқықтарын бұзу, қандас мәртебесін алу және халықты жұмыспен қамту шаралары бойынша жүгінді. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, Олжас Ордабаев олардың өтініштері бойынша толық жауап берді. Қарауға қосымша уақытты қажет ететін мәселелерді ол жеке бақылауға алып, ҚР ЕХӘҚМ тиісті департаменттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз құзыреті шеңберінде оларды шешуге жәрдемдесу туралы тапсырмасын берді.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Олжас Ордабаев Атырау қаласының жұмыспен қамту орталығы мен № 3 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барады.

Сондай-ақ, вице-министр «Еділ-Орал.kz» ЖШС жұмысымен танысады және компания басшылығымен Ұлттық біліктілік жүйесінің негізгі құралдарын сынақтан өткізу шеңберінде тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру барысын талқылайды.