
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А.Сарбасов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде 1 шілдеден бастап күшіне енетін Әлеуметтік кодекстің негізгі новеллалары туралы айтып өтті.
Сарбасов сөз басында Әлеуметтік кодексті әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, ЕуроОдақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынғанын және де еліміздің өз ерекшеліктері жан-жақты ескерілгенін атап өтті. Кодекс 5 бөлімнен, 22 тараудан және 267 баптан тұрады.
Әлеуметтік кодекс аясында 9 заң күшін жойып, 50-ден астам заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.
Вице-министр құжаттың негізгі 5 новелласын толықтай егжей-тегжейлі айтып берді.
«Бірінші новелла – бұл мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылатын Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК). Оны енгізудің басты мақсаты қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан Кодексте біз ОЦК-ны әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Сондай-ақ, ОЦК адамдарға SMS-хабарламалар жіберу арқылы мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігі туралы хабардар ететін электрондық жаршы құралы қызметін атқарады. Жәрдемақылар мен төлемдер ақпараттық жүйеде бар деректер негізінде проактивті форматта тағайындалатын болады. Қолданыстағы қағаз құжаттар уақыт өте келе алынып тасталады», - деп хабарлады Ақмади Сарбасов.
Екінші жаңалығы – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы, ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу үшін атаулы шараларды, содан кейін ғана әлеуметтік тәуекелдердің салдарымен күресуге бағытталған атаулы көмекті көздейді. ОЦК деректерінің негізінде атаулы шараларды көрсетудің қажеттілігі анықталатын болады.
Бұл ретте Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген: бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту және атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған натуралды пакетті монетизациялау; «Алтын» немесе «Күміс алқамен» наградталған аналар деген жаңа статус беру, 7 және одан да көп бала тапқан әйелдерге жәрдемақыны өсіру.
«Бұдан басқа, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатын болады.
Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесін зерттедік. Бүгінде АҚШ-тағы кедейлік шегі медианалық кірістің 40 пайызына, Канадада - 50, Швеция, Норвегия, Дания, Австрия, Германия және Францияда - 60 пайызына пара-пар. Біз де осы тәжірибені енгізуді көздеп отырмыз», - деді Ақмади Сарбасов.
Үшінші новелла – әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің трансфомациялауға қатысты. Мұндағы негізгі мақсат - мүгедектігі бар азаматтардың көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін арттыру.
«Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші ретінде рәсімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады.
Тағы да өзгерістердің бірі - арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу қарастыру. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін – шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады. Бұл өзгерістер бір жағынан кейбір жекелеген қызмет немесе тауар түрлерін монетизациялауға алып келеді және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту арқылы саланың инфраструктурасын ауылдық жерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады вице-министр.
Сонымен қатар, әлеуметтік қызмет порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанында құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беру жоспарлануда. Олар: мүгедектегі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін әлеуметтік қызмет порталы арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарау; өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні әлеуметтік қызмет порталынан алып тастау және оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу туралы шешім қабылдай алатын болады.
Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекс аясында әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын талап пен мәртебесі көтерілетін болады.
Осылайша, әлеуметтік жұмыспен біліктілігі тәуелсіз бағалаудан өткен сертификатталған мамандар ғана айналыса алады. Кәсіби біліктілігі, көрсетілетін қызмет түрі мен сапасы туралы толық ақпараттан тұратын әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі әзірленетін болады. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің біліктілік деңгейі, санаты мен ерекшеліктері ескеріле отырып, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралатын болады.
Төртінші новелла азаматтарды әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне қатысты.
Ақмади Сарбасов қазіргі сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің
5 түрінен сақтандырып, ол халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетінін хабардар етті.
«Оның негізі сақталып, тек мақсаты өзгереді. Жүйе әлеуметтік төлем төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен, азаматтарды формальді форматта жұмыс істеуге ынталандыруды көздейтін болады», - деп хабарлады вице-министр.
Бұл ретте ұсынылатын өзгерістердің басты тренді - жүйеге мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің қатысуы; жүйеге қатысу уақыты мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің арасындағы байланысты күшейту; әлеуметтік жарналарын уақытылы аударып отырған жұмыскерлерге сақтандыру қорларынан әлеуметтік төлемдер мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайту болмақ.
«Биылдан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының
45 пайызын төлеу қарастырылып отыр.
Әлеуметтік кодексте, Салық кодексте және басқа да заңдарда көзделген шаралар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік сақтандыру жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», - деп атап өтті Ақмади Сарбасов.
Әлеуметтік кодекс жобасында көзделген зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге тоқталған вице-министр алдағы 5 жылда қолданыстағы зейнеткерлердің базалық зейнетақысы өсетінін айтты. Сондай-ақ еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін немесе орташа жалақының 70%-ына дейін ұлғайтылады. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады.
Бұдан бөлек, Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
Салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі. Бұл ретте, мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн.
Бесінші новелла – халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері, олар мынадай бағыттар бойынша жүзеге асады.
Бірінші – еңбек нарығын либерализациялау. Бұл икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрлерін, соның ішінде платформалық жұмысты тануды білдіреді.
Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарды «тәуелсіз жұмыскер» деген атау енгізілді - бұлар табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға ұғымы енгізілген болатын.
«Мұндай қызметкерлердің қызметі онлайн-платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс онлайн-платформасына қосылған таксистер, Glovo платформасындағы курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына кіргізіледі.
Онлайн-платформалардың операторлары қолданыстағы салық режиміне сәйкес жұмыскерлерге салық төлемдерді және әлеуметтік аударымдарды аударатын болады. Бұл ретте тәуелсіз жұмыскерлер жалдамалы жұмыскерлер секілді республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдерді алуға құқылы болады.
Енгізілген оңтайлы режимдер бүгінгі қызметкерлерден қосымша тіркеуді талап етпейді және оларға қосымша қаржылық жүктеменің болмайтынын атап өткен жөн», - деді вице-министр.
Екінші бағыт жұмыс күшінің дағдыларының артуына қатысты.
Білім беру жүйесін жұмыс берушілердің қызметкерлерге қоятын талаптарымен байланыстыратын Ұлттық біліктілік жүйесін дамытуға бағытталған «Кәсіби біліктілік туралы» заң әзірленді.
Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің техникалық тапсырмасына, яғни кәсіби стандарттарға сәйкес әзірленетін болады. Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізілуде.
Үшінші бағыт – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтары.
«Бүгін азаматтарға жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру процесстері толық цифрланып, Электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге аса бастады.
Осыған байланысты, Әлеуметтік кодексте аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, өңірлік еңбек нарықтарын дамыту жөніндегі барлық бастамалар мен бағдарламаларды үйлестіретін территориалдық мобильді орталықтарды ендіру қарастырылып отыр», - деді Ақмади Сарбасов.
Вице-министр сөз соңында Әлеуметтік кодекс жобасында көзделген жаңалықтардың басым бөлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген заңдар аясында қабылданып, ағымдағы жылдың
1 қаңтарынан бастап жүзеге аса бастағанын атап өтті.