
3 млн 482 мың адамға ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындалды.
17 сәуірдегі сағат 11:00-дегі жағдай бойынша «42 500 теңге» төлемге 6 млн 671 мың азамат өтініш берді.
Бірегей өтініштердің ең көп саны:
- Алматы облысы – 846,5 мың;
- Түркістан облысы – 801,6 мың;
- Алматы қ. – 784,2 мың;
- Нұр-Сұлтан қ. – 507,8 мың;
- Шымкент қ. – 431 мың.
Өңірлер бойынша келесі облыстардың тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған:
- Алматы облысы – 520 мың;
- Түркістан облысы – 415,6 мың;
- Алматы қ. – 333,2 мың.
Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. Өтініштерді қарау мерзімдерінің ұлғаюына жол бермеу мақсатында азаматтардан өтінішті бір рет берулеріңізді сұраймыз.
МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:
– жеке кәсіпкерлерге және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
– ҚР Салық кодексінің 774 бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға тағайындалады.
1-ші және 2-тармақшалар ұлттық басқару холдингтерінің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне қатысты емес.