
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова министрлік атынан Астанада тұратын Ұлы Отан соғысының (бұдан әрі – ҰОС) ардагері Рзагул Байкешевті алдағы Жеңіс күнімен құттықтады.
Рзагул Байкешев Калининград облысында, Рыжов және Великий Луг қаласында соғысқан. Ол Польшаны, Румыния мен Венгрияны азат ету кезінде ефрейтор шенінде шайқастарға қатысты. Отан соғысы орденімен, Маршал Г. К. Жуков медалімен және көптеген басқа да мерейтойлық медальдармен наградталған.
Назгүл Сағындықова ардагерді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың атынан арнайы құттықтап азық-түлік себетін табыс етті.
Биыл ҰОС қатысушылары мен ҰОС кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауыруы салдарынан (барлығы 222 адам) мүгедектігі бар адамдарға кемінде 1,5 млн теңге мөлшерінде бір реттік материалдық көмек көрсетілетін болады. Осы мақсатқа жергілікті атқарушы органдар тарапынан 4,6 млрд теңге бөлінді.