
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметіндегі брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Төтенше жағдай (әрі қарай - ТЖ) кезінде табысынан айырылуы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (әрі қарай – МӘСҚ) бала күтімі бойынша декреттік демалыста отырған әйелдерге төлем тағайындау жайын түсіндірді.
«Бізде бұл әйелдерге арнайы санат қарастырылмаған. Себебі олар да басқа азаматтар сияқты жұмыс істеген немесе үйде отырған, ресми немесе бейресми кәсіпкерлікпен айналысқан. Егер бала бір жасқа жетпеген болса, әйел адамның жұмыс істеген-істемегеніне қарамастан мемлекет оған бала күтіміне қажетті жәрдемақы тағайындайды. Бала 1 жасқа толса, 42 500 теңге төлем туралы әңгіме қозғауға болады. Мысалы бала бір жасқа толғанымен, қазір жұмыстың жоқтығынан өз компаниясына жұмысқа шыға алмаса, ал жұмыс беруші ол үшін бала бір жастан асып кеткендіктен әлеуметтік аударымдар жасамаса не істемек керек? Декреттік демалыс барысында мысалға үйде отырып киім тіксе, тамақ пісіріп сатса және тағы басқа бейресми бірдеңемен айналысса, осылайша ТЖ кезінде табысынан айырылса, бұл тұста ол ана бір күн бұрын Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеу арқылы өзін жұмыспен қамтушы ретінде тіркеп, әлеуметтік төлемге өтінім жіберуге құқылы», - деді Біржан Нұрымбетов.
Алайда, ескерер жайт, мемлекеттен қызметтен декреттік демалысқа шыққан әйел адам, 42 500 теңге төлемге өтінім бере алмайды.
«Декретте отырған мемлекеттік қызметкерлер жөнінде мәселе туындауда. Жалпы ТЖ-ға қатысты мемлекеттік қызмет пен ондағы ұйымдардың жұмысы шектелген жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша олардың 80%-ға жуығы қашықтан жұмыс істеп, жалақы алуда. Ал декреттегілер ТЖ болмаса да үйде қалушы еді ғой. Бірақ, Еңбек кодексіне сай, сіз жұмысқа шығам десеңіз, мемлекеттік мекеме сізді қабылдап, қашықтан еңбек еткеніңіз үшін жалақы төлеуі тиіс. Біз тиісінше барлық мемлекеттік орындардан декретте отырған өз жұмысшыларына қамқорлық көрсетіп, табыссыз қалдырмауды сұрадық. Жұмысқа қайта шақырмаса да қаржылай жәрдем таныста деген тілек бар», - деп байыптады министр.
Бұған дейін жазғанымыздай, Біржан Нұрымбетов брифинг барысында, МӘСҚ тарапынан берілетін төлемге өтінім жолдайтын барлық азамат өзі ұсынған деректің шынайылығына жауап беретініне назар аударды.
«Өтінім бергенде астындағы жазумен келісесіз, яғни ТЖ мерзіміне дейін кірісіңіз болғанын, сәйкесінше онсыз қалғаныңызды айғақтайсыз. Егер де ТЖ кезіне дейін де табысыңыз болмаса, ресми немесе бейресми жұмыс істемесеңіз, бұл төлем сізге тағайындалмайды», - деді ол.
Еске сала кетсек, қолданыстағы ережеге сәйкес, ТЖ кезінде табысынан айырылуы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан адам басына айына 42 500 теңге келесі санаттар бойынша тағайындалады:
– шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елдімекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке кәсіпкерлерге;
– дара тәжірибемен айналысатын адамдарға: нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор;
– бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға.