
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай кезеңінде (бұдан әрі – ТЖ) табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы алушыларға, оның ішінде мүгедектер мен студенттерге төлемдер тағайындауға қатысты түсініктеме берді.
«Әлеуметтік жәрдемақылардың тағайындалуына қатысты жиі қойылатын сұрақтардың бірі біздің зейнеткерлер мен мемлекеттік жәрдемақы алушыларға қатысты. Зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылар төтенше жағдайға байланысты тоқтамағанын атап өткім келеді. Оларға тиісті төлемдер жалғастырылуда, біз оларды индекстедік, сіздер мамыр айында зейнетақылар мен жәрдемақыларды сәуірдегі қосылған төлеммен бірге аласыздар. Мұндай алушылардың саны 4 млн. адамды құрайды, оларға ай сайын жалпы сомасы 300 млрд.-қа жуық теңге төленіп тұрады. Сондықтан 42 500 теңге алушылардың санатына кірмейсіздер. Алайда, егер зейнеткер, мүгедек немесе кез келген басқа мемлекеттік жәрдемақы алушы төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін ресми жұмыс істеген болса, ол үшін жұмыс беруші аударымдар жасаған болса немесе бірыңғай жиынтық төлем (бұдан әрі – БЖТ) төлеген болса, онда біз оны есепке алып, сізге 42 500 теңге төлейтін боламыз», – деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ, Министр кейбір заңгерлердің әлеуметтік желілерде жариялаған төтенше жағдай кезінде кірістен айрылуы бойынша әлеуметтік жәрдемақылар зейнеткерлерге тағайындалмайтынын, өйткені олар төлеген БЖТ-дан түскен кірістер МӘСҚ-қа түспейтіндігіне қатысты жазбаларына түсініктеме берді.
«БЖТ мөлшері 2651 теңгені құрайды. Бұл ақша 4 бағыт бойынша: жеке табыс салығы (бұдан әрі – ЖТС), Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жүргізілетін әлеуметтік аударымдар, БЖЗҚ-ға төленетін зейнетақы жарналары және медициналық әлеуметтік сақтандыру қорына (бұдан әрі – МСҚ) төленетін аударым ретінде жүреді. Заңға сәйкес, зейнеткер төтенше жағдай алдында 2651 теңге төлеген жағдайда МӘСҚ-қа, БЖЗҚ-ға және МСҚ-ға медициналық сақтандыруға төлемдер жүрмейді, барлық сома ЖТС-ға кетеді дейді заңгерлер. Қазір ерекше тәртіп бар. Бұл жағдайда біз зейнеткердің БЖТ төлемін МӘСҚ-қа түсім ретінде емес, оның зейнетақы алатынына қарамастан, төтенше жағдай алдында жұмыс істегенін растау ретінде қарастырамыз. Дәл осындай процедура әлеуметтік жәрдемақы алушыларға да қатысты. Бірақ төтенше жағдайға дейін жұмыс істеп, қосымша табыс тапқандарға қатысты екенін атап өткім келеді. Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін сіздерге төлем жасаудың қажеті жоқ, сіздерге 42 500 теңге тағайындалмайды», – деп түсіндірді Еңбекминінің басшысы.
Біржан Нұрымбетов сондай-ақ МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерді тағайындауға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алушылар да үміткер бола алатынын, бірақ олар шын мәнінде жұмыс істеген және ТЖ режимін енгізуге байланысты табыстарын жоғалтқан болуы керек.
«АӘК алушыларды бөлек атап өткім келеді. Сіздер үшін шектеулер жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек – бұл зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы емес, бұл көмек. Осыған орай, егер сіз ресми немесе бейресми жұмыс істесеңіз – сіз 42 500 теңгеге үміткер бола аласыз. Бейресми жұмыс жасаған адамдарға алдын ала БЖТ төлеу қажет», – деді министр.
Сонымен қатар, Біржан Нұрымбетов студенттердің МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем алу мүмкіндігі туралы түсінктеме берді.
«Біз студенттерді жеке санат ретінде анықтаған жоқпыз. Бұл еліміздің ересек азаматтары. Еңбек кодексіне сәйкес 16 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Шәкіртақы алатынына/алмайтынына қарамастан жұмыс істейді. Олардың барлығы үшін тәртіп бірдей. Егер сіз ақша тапсаңыз, содан кейін табыс табу мүмкіндігіңізді жоғалтсаңыз, онда сіздің моральдық құқығыңыз бар. Егер сізге әлеуметтік жарналар төленген болса немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде бір рет БЖТ төлеген болсаңыз, онда сіздің әлеуметтік төлемдерді алуға заңды құқығыңыз бар», – деп түсіндірді ол.
Бұрын хабарлағанымыздай, Біржан Нұрымбетов брифингте сөйлеген сөзінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алуға жүгінген барлық азаматтар берген мәліметтерінің дұрыстығы үшін жауап беретінін атап өтті.
«Өтініш берген кезде төменгі жағында жазба болады, оның қасында сізге белгі қою керек болады, осы арқылы сіз төтенше жағдайға дейін кірісіңіздің болғанын, оларды жоғалтқаныңызды және осыған жауапты екеніңізді растайсыз. Егер сіз төтенше жағдайға дейін ешқандай ақша таппаған, ресми немесе бейресми түрде жұмыс жасамаған болсаңыз, онда бұл төлем сізге берілмейді», – деді Еңбекминінің басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес төтенше жағдай кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:
–шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке кәсіпкерлерге;
– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар);
– бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға жүзеге асырылады.