
1 млн 779 мың адамға Төтенше жағдай (әрі қарай - ТЖ) кезінде табысынан айырылуы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (әрі қарай – МӘСҚ) жалпы сомасы 75,6 млрд теңге әлеуметтік төлем тағайындалды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметіндегі брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.
«Біздегі дерек бойынша 3 млн 703 мың адам әлеуметтік төлем алуға 4,9 млн өтінім берді. Бүгінгі таңда 1 млн 779 мың адамға 75,6 млрд теңге тағайындадық», - деді Біржан Нұрымбетов.
Министрлік басшысы, әлі де азаматтар «МӘСҚ тарапынан берілетін ең төменгі жалақы көлеміндегі төлемге кім өтініш бере алады?» деген сауалды қоюда екенін атап өтті.
«Осы орайда тағы да қайталар болсам, 42500 теңге мөлшеріндегі төлем ресми немесе бейресми жұмыс істеп, ТЖ кезінде кірісінен айырылған адамдарға арналған. Сондықтан өзіңіз сын тезіне салып көріңіз, ТЖ уақытына дейін тапқан табысыңызды жоғалттыңыз ба? Ресми, жалдамалы жұмысшы, жеке кәсіпкер ретінде немесе бейресми күнделікті шығыныңызды жабатын кіріс көзі болды ма? Егер сіз осы қаржыдан айырылсаңыз, онда дұрыс, аталған төлемге иек артып, өтініш жолдай аласыз», - деп түсіндірді министр.
Бұл ретте, Біржан Нұрымбетов, МӘСҚ төлеміне өтінім жіберушілер ұсынасын мағлұматы үшін жауапкершілікті мойнына алатынын ескертті.
«Өтінім бергенде астындағы жазумен келісесіз, яғни ТЖ мерзіміне дейін кірісіңіз болғанын, сәйкесінше онсыз қалғаныңызды айғақтайсыз. Егер де ТЖ кезіне дейін де табысыңыз болмаса, ресми немесе бейресми жұмыс істемесеңіз, бұл төлем сізге тағайындалмайды», - деді ол.
Министр, сондай-ақ, МӘСҚ төлемі тиесілі азаматтар санатын келтіріп өтті.
«Бұл, біріншіден, компаниялар мен ұйымдарда еңбек етіп, ресми жалақы алған, алайда жұмыс беруші ТЖ-ға байланысты жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына босатқан жалдамалы жұмысшылар. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, карантин жарияланған қалалардағы ірі бизнес, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары мен коммерциялық емес ұйымдардың қызметкерлері де төлем алуға құқылы», - деп байыптады Біржан Нұрымбетов.
Жалдамалы жұмысшылар үшін әлеуметтік төлемге өтінімді жұмыс беруші жазуы керек. Жұмыс беруші олай істемеген болса, жұмысшы жұмыс берушісінің бизнес сәйкестендіру нөмірін (БСН) көрсеткен райда өздігімен өтінім бере алады. Жалдамалы жұмысшы Бірыңғай жиынтық төлемді де (БЖТ), басқа да әлеуметтік жарналарды төлемейді. Себебі ресми жұмыс істеген, тиісті іс-қимылды жұмыс беруші атқарған.
«Екіншіден, ресми жұмыс істеген жеке тұлғаларға тоқталсақ. Бұл жеке кәсіпкерлер (ЖК), дара тәжірибемен (ДТ – адвокат, нотариус, медиатор және т.б.) айналысқан азаматтар, азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарттар арқылы жұмыс істеген фрилансерлер және де ЖК ашпастан тұрақты түрде БЖТ төлеп келген ұсақ кәсіп иелері», - деп тарқатты Еңбек министрі.
Қолданыстағы заңнама бойынша жоғарыда тізбектелген барлық санаттар бойынша ай сайын қажетті аударымдар жасалуы керек еді. Мәселен ол жалдамалы жұмысшылар мен ЖК, ДТ үшін – МӘСҚ тарапына, АҚС тұрғысында – БЖЗҚ жарналары, өзі үшін - БЖТ төлемі. Дегенмен, ТЖ тәртібі енгізілгенін ескере келе, бұл санаттардағы азаматтарға ТЖ жарияланғанша соңғы 12 айда кем дегенде 1 рет болсын аударым жасау қажет болып ұйғарылды.
«Азаматтардың ештеңе төлемеген ерекше санаты бар. Бұл ешқандай еңбек шартына отырмаған, бейресми жұмыс істеген, осылайша жалпы алғанда заңды бұзған жандар. Біздің ұстанымымыз: сіздер де төлемнен қағылмайсыздар, бірақ ТЖ кезіне дейін кірісіңіз болды деп есептейсіз бе? Ресми аударым жасалмаған такси жүргізуші, бала күтуші, сатушы немесе даяшы әлеуметтік төлемге өтінім бере ала ма? Иә, бұл мүмкін нәрсе. Еі бастысы, күнделікті табыс тауып жүріп, ТЖ салдарынан одан айырылғаныңызды растай алсаңыз. Онда өтінім беріңіз. Бірақ, біз сіздің қайда істегеніңізді білмегендіктен, бір рет болсын БЖТ төлегеніңіз абзал. Келесі күні өтінім беруіңізге жол ашық. Бұл тек бейресми өз ісімен шұғылданушыларға ғана қатысты мәселе», - деп түйіндеді Біржан Нұрымбетов.