
Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтында (бұдан әрі – ЕҚРҒЗИ) ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орайластырылған «Қауіпсіз және лайықты еңбек: жаһандық сын-тегеуріндер және ұлттық реттеуші саясат» пәнаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Өзбекстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының проректоры Қазым Атаматов, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Марат Баяндин, Esil University академиялық қызмет және ғылым жөніндегі проректоры Дәметкен Төреқұлова, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Металлургия және тау-кен ісі» кафедрасының профессоры Марат Имангазин, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экологияны қорғау саласындағы басқару және инжиниринг кафедрасының профессорының міндетін атқарушы Ляйля Ақбаева, Институттың жас ғалымдары және елдің жетекші жоғары оқу орындарының магистранттары мен докторанттары және басқалар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында әлеуметтік-еңбек саласындағы ұлттық саясаттың өзекті мәселелері, оның ішінде Қазақстанның ауыр индустриясы кәсіпорындарында жарақаттануды төмендетудің тиімді шараларын (әдістемесін) әзірлеу, қауіпті өндірістік объектілердегі аварияларды бағалауға сараптамалық тәсілдің ерекшеліктері, тиісті жұмыстарды жүргізу кезінде еңбекті қорғау талаптарын сақтай отырып, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдағы қауіпсіз еңбек мәдениетін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Отырысты аша отырып, ЕҚРҒЗИ Бас директоры Шолпан Әбікенова қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер жағдайында еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ҒЗИ халықаралық стандарттар мен шет елдердің озық тәжірибелері негізінде мемлекеттік саясатты іске асыруға өзінің сараптамалық үлесін қосатынын атап өтті.
«Бүгінгі күні зерттеулермен қызметкерлерді жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, еңбекті қорғау жөніндегі мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту, қызметкерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру, еңбекті қорғауға арналған шығындарды бюджеттеу, мемлекеттік мониторинг және бақылау сияқты бағыттар қамтылған. Жоспарларда қызметкерлерге зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін кепілдіктер беру және еңбек жағдайларының сандық және сапалық көрсеткіштерін бағалау мәселелерін егжей-тегжейлі зерделеу бар», – деп атап өтті Шолпан Әбікенова.
Биылғы жылы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні әлеуметтік-еңбек саласындағы реттеуші саясаттың негізгі қағидаты болып табылатын қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасына арналғаны белгілі.
Дөңгелек үстелге қатысушылар пікір алмасып, қолданыстағы еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша бірқатар сындарлы ұсыныстар енгізді.