Б.Нұрымбетов МӘСҚ-тан 42 500 теңге көлемінде төлемдер тағайындау ережесіндегі өзгерістерді түсіндірді

Б.Нұрымбетов МӘСҚ-тан 42 500 теңге көлемінде төлемдер тағайындау ережесіндегі өзгерістерді түсіндірді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте төтенше жағдай кезеңінде (бұдан әрі – ТЖ) табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік жәрдемақы тағайындау қағидаларына енгізілген өзгерістерге қатысты түсініктеме берді.

Министр сөзінің басында бұл негізгі әлеуметтік төлем ТЖ-ға дейін ресми, бейресми жұмыс істеген және ТЖ режимін енгізілуіне байланысты өз табыстарынан айырылған адамдарға арналғанын еске салды.

«Бұл – шағын және орта бизнес (ШОБ) компанияларының, ал карантин енгізілген қалаларда ірі кәсіпорындардың да төтенше жағдай жарияланғанға дейін олар үшін МӘСҚ-ға соңғы 12 айда кемінде 1 рет төлемдер жүргізілген жалдамалы жұмыскерлері. Бұл жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілген жұмыскерлер. Оларға қашықтан жұмыс істейтіндер мен жалақы алатындар кірмейді», – деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, ол жоғарыда аталған қағидаларға  жалдамалы жұмыскерлердің қосымша санаты енгізілгенін атап өтті. Енді оларға  жалақы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілген коммерциялық емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері кіреді. Мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор үшін - бұл жаңашылдық қолданылмайды.

 «Сонымен бірге, төлем ТЖ режиміне дейін жұмыс істеген және оның енгізілуіне байланысты табысын жоғалтқан жеке тұлғаларға (өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға) көзделген. Ресми жұмыс істеген – жеке кәсіпкерлер; жеке практикамен айналысатын адамдар (бұдан әрі ЖК, оларға адвокаттар, нотариустар және т.б. жатады); азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін адамдар (бұдан әрі – АҚС) төтенше жағдай жарияланғанға дейін соңғы 12 айда кемінде 1 рет МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жасаған (ЖК мен ЖП үшін) немесе БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын (АҚС үшін) төлеген жағдайда төлем алуға құқығы бар. Бұл санатқа, сондай-ақ,  бірыңғай жиынтық төлемді (бұдан әрі – БЖТ) төлеген азаматтар кіреді. Осы санатқа жататын барлық азаматтардың алаңдамауы керек, егер сіз төтенше жағдайға дейін соңғы 12 айда аударымдар жасасаңыз, онда сізде ешқандай проблемалар туындамайды, табысты жоғалтуға байланысты төлем алуға өтініш бере аласыз», – деп түсіндірді Еңбекминінің басшысы.

Министр, сонымен қатар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауында формальды емес, бейресми жұмыспен қамтылған адамдар бұл көмекті алуға тиіс екенін, ол үшін оларға өз мәртебесін рәсімдеу жеткілікті екенін атап өтті.

 «Бейресми жұмыс істейтін, қандай да бір жұмыс жасап, отбасын күнделікті табыспен асырап жүрген, бірақ ЖК ретінде тіркелмеген, жеке еңбек шарттары жоқ, салық, әлеуметтік және зейнетақы аударымдары төленбеген жұмыс істеушілерге қатысты тоқталғым келеді. Төтенше жағдай кезеңінде ай сайын 42 500 теңге алу үшін   мәртебеңізді рәсімдеуіңіз қажет, яғни, төлем алуға өтініш бергенге дейін кемінде бір рет бірыіғай жиынтық төлемін (БЖТ) төлеу қажет. Мұндағы айырмашылық айқын: ресми түрде жұмыс істеген адамдар төтенше жағдай жарияланғанға дейін соңғы 12 айда, яғни 16 наурызға дейін кемінде бір төлемі болуға тиіс, ал бейресми жұмыс істейтін адамдар үшін -  төтенше жағдай кезеңінде ай сайын 42 500 теңге алу үшін бір рет БЖТ төлеу жеткілікті. Бірақ бұл нақты бейресми жұмыс істегендерге қатысты», – деді Біржан Нұрымбетов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, егер азамат қашықтықтан жұмыс істеуді жалғастырып және жалақы алатын болса, оған төлем төленбейтінін атап өтті.

Сондай-ақ, Біржан Нұрымбетов бала күтімі бойынша демалыстағы әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер алу мүмкіндігі туралы түсінік берді.

 «Бір жасқа дейінгі балалары бар аналарға бала күтімі үшін бала бір жасқа толғанша мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Бірақ, бүгінде бір жастан асқан баласы бар аналар хабарласуда. Бір жылдан асқаннан кейін олар жұмысқа шығар еді, бірақ төтенше жағдайға байланысты ешкімді жұмысқа алмайды. Сондықтан декретте отырған аналар бір жыл өткеннен кейін бірыңғай жиынтық төлемді төлеп, төлем алуға өтініш беруіне болады», – деді ҚР Еңбекминінің басшысы.

  Сонымен қатар, Министр әлеуметтік төлемдерді алу үшін екінші деңгейлі банктерде «арнайы шот» ашудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

Ешқандай «арнайы» шоттардың қажеті жоқ. Картаның кез-келген банктік шоты қолайлы. Бірнеше күн бұрын Қаржы нарығын реттеу жөніндегі агенттіктің екінші деңгейлі барлық банктерге осы 42 500 теңгеден азаматтардың: коммуналдық, кредит, салық және т. б. берешектерін ұстамау туралы тапсырмасы болды. Берешегі болған жағдайда да, ешқандай банктің ұстап қалуға құқығы жоқ», – деді ол.

Брифинг соңында Біржан Нұрымбетов ЖК-дан әлеуметтік төлемдерге өтініш беруге қатысты Қағидалардағы өзгерістерді түсіндірді.

«Жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкер жеке тұлға ретінде жеке өзі өтінім бере алады ма деген сұрақ заңгерлер мен жеке кәсіпкерлерді қызықтыруда. Әрине, егер ол өзі табысын жоғалтса өтінім бере алады.  ЖШС-мен ұқсастығы – заңды тұлға өтініш бере алмайды, ол осы ұйымның қызметкерлері үшін береді. Бірақ ЖШС директоры да осы ЖШС-нің жалдамалы қызметкері және ол өзі ЖШС-нің қызметкері ретінде өзі өтінім бере алады. Сондықтан жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкер жеке кәсіпкердің қызметкері ретінде өзі үшін өтініш бере алады», – деп түйіндеді Министр.