
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Алматы қаласына жұмыс сапары аясында жұмыс берушілермен, ҮЕҰ өкілдерімен және жастармен кездесу өткізді, оның барысында балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту және қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы айтты. Сондай-ақ, ол азаматтарды қабылдап, мегаполистің бірқатар әлеуметтік нысандарын аралады.
Назгүл Сағындықова қоғам өкілдерімен, кәсіпорын басшыларымен және жастар көшбасшыларымен кездесу барысында жақында Парламент Сенаты қабылдаған Әлеуметтік кодекс туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол құжаттың 5 бөлім мен 21 тараудан тұратынын және Қазақстанда жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Онда әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған шараларды көрсету есебінен атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту көзделген. Әлеуметтік саланы цифрландыруды дамытудың арқасында әлеуметтік қызметтер көрсетудің бүгінгі күні пайдаланылатын өтініш нысанынан оларды ұсынудың анықтау нысаны мен проактивті форматына көшу жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету үшін жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, жұмыс берушіге және азаматтардың өздеріне де жүктелетін болады. Бұл міндеттемелер жаңа әлеуметтік келісімшарт аясында жүзеге асырылады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту жөніндегі шаралар азаматтардың нәтижелі және ресми жұмыспен қамтылуын ынталандыруға бағытталатын болады», – деді Назгүл Сағындықова.
Ол атаулы шараларды көрсету қажеттілігі осы жылы Қазақстанда енгізілген Отбасының цифрлық картасынан (бұдан әрі – ОЦК) алынған деректер негізінде анықталатынын атап өтті. Мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің мәліметтерін жинақтай отырып, ОЦК әлеуметтік саясаттың орта мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ғана емес, сонымен қатар отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесі мен әл-ауқат дәрежесін негізге ала отырып, мемлекеттік қолдау туралы адамдарды хабардар ететін электрондық хабарламаның бір түрі болады.
«Әлеуметтік кодексте, бір жағынан, балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы біртұтас жүйесін сақтау, екінші жағынан, бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем мен мемлекеттік жәрдемақы мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту арқылы оның параметрлерін өзгерту және атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау көзделеді, көпбалалы аналарға төленетін төлемдерді саралау және «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналардың жаңа мәртебесін қарау, халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарына мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерін ұлғайту.
Сонымен қатар 2025 жылдан бастап орташа медианадан төмен табысы бар азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Атаулы шаралармен бірге бұл отбасыларға қиын өмірлік жағдайдан шығуға мүмкіндік береді», – деп толықтырды Назгүл Сағындықова.
Әңгімелесу кезінде вице-министр қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Азаматтар үшін лайықты қарттықты қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан Әлеуметтік кодексте зейнеткерлер үшін базалық және ортақ зейнетақыны есептеу параметрлерін өзгерту көзделген. Бұл мемлекет есебінен төленетін зейнетақы мөлшерінің ұлғаюына әкеледі. Болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілердің қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі», – деді Назгүл Сағындықова.
Н.Сағындықова сондай-ақ әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің трансформациясы, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік сақтандыру жүйесін жаңғырту, халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер туралы хабардар етті.
Жұмыс сапары барысында Назгүл Сағындықова азаматтарды жеке қабылдайды, Алматы қаласының әлеуметтік қызметтер үйіне, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына, 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған «Алатау» әлеуметтік қызметтер орталығына, сыйымдылығы аз «Демеу» үйіне барады деп жоспарлануда. Вице-министр сондай-ақ ұйымдардың жұмысымен танысады, еңбек ұжымдарымен және қызмет алушылармен кездесулер өткізеді.