Еңбекмині МӘСҚ-тан төлем алуға өтінім беру үшін арнайы Telegram-ботты іске қосады

Еңбекмині МӘСҚ-тан төлем алуға өтінім беру үшін арнайы Telegram-ботты іске қосады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Төтенше жағдайлар кезеңінде табысынан айырылуына байланысты азаматтардың Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төлем алуға өтініш беру рәсімін жеңілдету үшін арнайы Telegram – ботты іске қосады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

«EGov-ке («Электрондық үкімет» порталы) кіру үшін компьютеры жоқ адамдар бар. Біз Telegram-ботындағы жұмыстарды аяқтап және таңертеңнен бастап ұялы телефон арқылы да өтініш беруді ұсынамыз. Ол үшін қосымшаны жүктеп алу қажет, өз деректеріңізді – ТАӘ, ЖСН және банктік шотыңызды енгізіп, «42 500 теңге төлем» қызметті таңдап, SMS-хабарлама арқылы пароль алу және бекіту қажет. Яғни, біз осылайша бәрін жеңілдетеміз», – деді Біржан Нұрымбетов.

Еңбекминінің басшысы азаматтардан әлеуметтік төлемдер алуға өтініш берген кезде деректерді жауапкершілікпен толтыруды сұрады.

«Ең бірінші, Сізден мәліметтеріңізді дұрыс толтыруды сұраймыз. Бар болғаны үш баған: аты-жөні, ЖСН және карта шоты. Дос, таныс емес, өзіңіздің жеке шотыңызды көрсету керек! Өйткені әлеуметтік төлемді тағайындауда сіздің тегіңіз карточка иесімен салыстырылатын болады», – деп атап өтті министр.

Telegram бот арқылы төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем алуға өтініш жасау үшін келесі әрекеттерді орындау қажет:

1-қадам: Өтініш беруші Telegram-ға кіріп, «EgovKzBot2.0» іздеп табу керек;

2-қадам: «Төтенше жағдай кезінде 42 500 төлеу» қызметін таңдайды;

3-қадам: Өтінішті қалыптастыру үшін қажетті деректерді толтырады, өз деректерін көрсетеді. Деректерді жібереді.

4-қадам: Өтініш «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесіне келіп түседі, 1 күн ішінде деректер тексеруден өтеді (бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілердің өтініштері тексеруден өтпейді);

5-қадам: Ақпарат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа өтінішті өңдеу үшін «Е-Макет» ақпараттық жүйесіне 1 күн ішінде түседі;

6-қадам: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ жәрдемақы тағайындау және төлеу үшін МӘСҚ-ға өтініш жібереді;

7-қадам: Telegram-ға әлеуметтік төлемнің тағайындалуы туралы жауап жіберіледі.

Төлемді жүзеге асыру ЕДБ-дағы төлем алушының шотына аудару арқылы жүргізілетін болады.

Telegram-бот ағымдағы жылғы 2 сәуірден бастап жұмыс істей бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдайлар кезінде табысынан айырылу жағдайларына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем мөлшері айына 42,5 мың теңгені құрайды (ең төменгі жалақы), ол келесі санаттағы азаматтарға тағайындалады:

- орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;

- жеке кәсіпкерлер (бұдан әрі – ЖК);

- жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) (бұдан әрі – ЖП);

- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (бұдан әрі – БЖТ);

- нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (бұдан әрі – АҚС) бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдар.

- карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.