
Әр түрлі мессенджерлерде азық-түлік себеттерін жеткізу үшін көпбалалы аналарға 109 байланыс орталығына хабарласу қажеттілігі туралы таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды.
Естеріңізге сала кетейік, атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алатын қазақстандық отбасылардың 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларына 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынылады.
1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған әлеуметтік топтама азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарларының жиынтығын қамтиды. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру көзделеді. Сондай-ақ, осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру ақысы өтелетін болады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай кезінде азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық алушылардың тізімін жасады.
Атап айтқанда, Қазақстанның барлық аумағында АӘК алатын табысы аз отбасылардың, оның ішінде көпбалалы отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларына азық-түлік және тұрмыстық жиынтық ұсынылады.
Бұдан басқа, карантин жарияланған аймақтарда азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық азаматтардың келесі санаттарына берілетін болады:
- АӘК алатын отбасылардың ересек мүшелеріне, оның ішінде көпбалалы отбасыларға;
- барлық жастағы I және II топтағы мүгедектерге, сондай-ақ мүгедек балаларға;
- мүгедек баланы күтумен айналысатын ата-аналарға.
Біз барлық азаматтарды бейресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз, сонымен қатар заңда жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделетінін еске саламыз.