Қазақстан астанасында көші-қон процестерін реттеу мәселелері талқыланды

Қазақстан астанасында көші-қон процестерін реттеу мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан қаласында «Көші-қон процестерін реттеу және репатриация саясатын жүзеге асыру» республикалық семинары болып өтті, оған Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ҚР Еңбекмині) және Халықаралық көші-қон ұйымы/БҰҰ көші-қон жөніндегі агенттігінің (бұдан әрі – ХКҚҰ) өкілдері қатысып, әлемдік қауымдастықтың жаһандану үрдістері контекстінде өзекті көші-қон мәселелерін талқылады.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура, ХКҚҰ-ның Орталық Азия бойынша үйлестірушісі  және Өңірдегі миссия басшысы Зейнал Гаджиев, көші-қон жөніндегі БҰҰ Желісі хатшылығының байланыс және саясат жөніндегі маманы Абдель Рахман Диоп және басқа халықаралық және ұлттық сарапшылар қатысты.

Семинар барысында тараптар көші-қон ағындарына байланысты проблемаларды шешу үшін ҚР-да барлық халықаралық ұйымдарды жұмылдыру бойынша «БҰҰ көші-қон желісі» мақсатын талқылады.

2011 жылы Қазақстан ХКҚҰ-мен және БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен бірлесіп, аралас көші-қон ағындарының нәтижесінде туындайтын проблемаларды шешуге бағытталған «Босқындарды қорғау және халықаралық көші-қон жөніндегі Алматылық процессі» диалог алаңын құруға бастама жасады. «Алматы процесінің» құрамына 7 қатысушы мемлекет кіреді: Ауғанстан, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Түркіменстан, ал бақылаушы ретінде Иран мен Пәкістан қатысады.

Бұдан басқа, Қазақстанда тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу шеңберінде көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, ол еліміздің демографиялық, әлеуметтік және экономикалық даму перспективаларын ескере отырып, көші-қон саясатының стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін айқындайды.

Қазақстанның көші-қон саясаты мигранттардың құқықтарын сақтау және қорғау, кемсітудің кез келген нысандарына жол бермеу, мигранттардың да, ел азаматтарының да құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, ұлттық заңнама ережелерін және халықаралық міндеттемелерді орындау және этникалық репатрианттар үшін қолайлы жағдайлар жасау қағидаттарында іске асырылады.

Өз сөзінде ҚР Еңбекминінің вице-министрі Ақмәди Сарбасов қатысушыларды Қазақстан Республикасына келетін этникалық репатрианттар мен қоныс аударушыларға қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

«Қазақстан этникалық репатрианттардың бейімделуі мен интеграциясы үшін барынша қолайлы жағдай жасады. Этникалық қазақтар оралман мәртебесін ала отырып, жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы», – деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.

Ол қазіргі уақытта Министрлік репатрианттарға тұрақты тұруға және қазақстандық азаматтықты алуға рұқсат алу, сондай-ақ оларға әлеуметтік бейімдеу және интеграциялық қызметтер кешенін ұсыну құқығын беру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне бірқатар түзетулер енгізуді қарастыратын ҚР Заң жобасын дайындағанын хабарлады.

Айта кету керек, жыл басынан бері жақын және алыс шетелдерден 4 921 адамнан тұратын 2 504 отбасы тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап Қазақстанға 1 млн-нан астам этникалық қазақ оралды.

Вице-министр сөз соңында Қазақстан мигранттардың заңды құқықтарын сақтау және әлемдік, сондай-ақ өңірлік деңгейде өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту принциптерін ұстанатынын атап өтті.

Іс-шара ХКҚҰ-ның Қазақстан Республикасындағы өкілдігі мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында 2019 жылғы 5 желтоқсанда қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.