
2019 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында 33 537 адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары болды. 24 500 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 16 487 адам немесе 67% тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру мақсатында азаматтардың жекелеген санаттары үшін қысқа мерзімді курстар өткізуді көздейтін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде Ақтөбе облысында 2 238 адам оқытумен қамтылды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту аяқталғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына жұмысқа орналасуға көмек көрсетеді.
Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағытының негізгі міндеті азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту болып табылады. Ол үшін «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі және бастапқы бизнесті іске асыратын және іске асыруды жоспарлайтын және бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылық қолдау алмаған үміткерлерге өтеусіз және қайтарымсыз негізде 100 және 200 АЕК дейінгі мөлшерде мемлекеттік гранттар беріледі. Сонымен қатар, ауылда және қалаларда кәсіпкерлік әлеуеті бар ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және зейнеткерлік жасына жетпеген олардың мүшелеріне, шаруа және фермер қожалықтарына микрокредиттер беріледі.
Ақтөбе облысында микрокредитпен 765 адам қамтылды. Мемлекеттік гранттарды 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде мемлекеттік бағдарламаның 89 қатысушысы, 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде – 537 адам (жастар, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер) алды.
Мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін мемлекет есебінен субсидияланатын жұмыс орындарын құруды көздейді. Оны жүзеге асыру аясында Ақтөбе облысында 10 989 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 1 744 адам, жастар тәжірибесіне – 2 818 адам және қоғамдық жұмыстарға – 6 427 адам.