
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында мүгедектігі бар адамдармен және ҮЕҰ өкілдерімен, медициналық-әлеуметтік мекемелердің еңбек ұжымдарымен және олардың қызметтерін алушылармен кездесулер өткізді. Ол өңір тұрғындарына ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде көзделген халықты әлеуметтік қолдау шараларының алдағы уақытта күшейтілетіні туралы айтып берді.
Ербол Оспановтың жұмыс сапары облыс әкімінің орынбасарымен кездесуден басталды, содан кейін ол Тen Qogam мүгедектерді әлеуметтік қолдау орталығында болып, жергілікті атқарушы органдар мен ҮЕҰ өкілдерімен, әлеуметтік қызметкерлермен және ерекше қажеттіліктері бар адамдармен кездесті. Іс-шара барысында ол халықты әлеуметтік қолдауды жақсартуға бағытталған бірқатар шараларды көздейтін Әлеуметтік кодекс жобасы туралы айтты.
«Бұл құжат әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде мемлекет тарапынан көмекті қамтамасыз ете отырып, азаматтарды өмір бойы сүйемелдейтін болады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдаудан қазақстандық отбасын нығайту мен дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылатын болады», – деді вице-министр.
Ербол Оспанов Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Әлеуметтік кодекс жобасын іске асыру шеңберінде бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем төлеу мерзімін ұзарту, марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту жолымен балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту көзделгенін атап өтті. Сондай-ақ, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына аудару көзделген.
Вице-министр әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту ірі интернат-үйлерде қызмет көрсетуден олардың алушылары тұратын жерлерде орналасқан шағын жинақталған әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында қызмет көрсетуге көшу жолымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін кеңейту есебінен жүзеге асырылатынын хабарлады.
Бұдан басқа арнаулы әлеуметтік қызмет (бұдан әрі – АӘҚ) алушылардың жұмыспен қамтылмаған отбасы мүшелерін әлеуметтік қызмет көрсетуге тарту жоспарлануда.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс жобасында жалпы тарифтердің орнына АӘҚ-ны жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидатын енгізу көзделіп отыр. Тариф белгілеудің жаңа жүйесі арнайы қызмет көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы нормативтерді және өтемдік техникалық құралдарды беретін ұйымдар үшін шекті бағаларды көздейтін болады.
«Қажетті қадам өтініш берушіден арнайы қызмет көрсетудің проактивті форматына көшу болып табылады. Ол үшін арнайы қызметке мұқтаж азаматтардың бірыңғай әлеуметтік тіркелімі құрылады. Оның базасында азаматтардың өтінішін күтпей, проактивті форматта АӘҚ көрсете отырып, ел ауқымында қызметтердің қолжетімділігі айқындалатын қажеттілік карталары қалыптастырылатын болады», – деп хабарлады Ербол Оспанов.
Вице-министр өз сөзінде биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде іске қосылған Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізудің оң әсерін ерекше атап өтті.
«Отбасының цифрлық картасы отбасының әл-ауқатының деңгейін автоматты түрде анықтайды және азаматтарға өздеріне тиесілі мемлекеттік кепілдіктерді проактивті форматта беруге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Отбасының цифрлық картасы арқылы 9 мемлекеттік көрсетілетін қызмет проактивті түрде көрсетілуде, оны 12 мыңнан астам адам алған. Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама іске асырылды. 2023-2024 жылдары әлеуметтік-еңбек, денсаулық сақтау және білім беру салаларында қолжетімді қызметтер санын ұлғайту жүргізілетін болады, ал 2025 жылы жоғарыда аталған салаларда барлық мемлекеттік кепілдіктерді ұсыну мүмкіндігін іске асыру жоспарлануда», – деді Ербол Оспанов.
Ол өткен жылдың қазан айынан бастап Қазақстанда сырттай куәландырудың жаңа проактивті форматы енгізіліп жатқанын, соның арқасында қағазбастылық пен мүгедектігі бар адамдардың мүгедектік тобын белгілеу, техникалық құралдарды (бұдан әрі – ОТҚ) және оңалту қызметтерін алу үшін бірнеше инстанцияларға бару қажеттілігі алынып тасталатынын атап өтті.
«Биылғы жылы мүгедектік тобын белгілеуге 234 мыңға жуық өтініш, оның ішінде сырттай форматта – 52 мың немесе шамамен 22,5% қаралды», – деп хабарлады вице-министр.
Сондай-ақ, ол мүгедектігі бар адамдарды қолдау шараларын жақсарту бойынша, оның ішінде Әлеуметтік қызметтер порталының көмегімен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
«ОТҚ мен қызметтерді алу үшін Портал енгізілгенге дейін азаматтар әкімдіктерге немесе ХҚКО-ларға жүгінді. Кейде барлық процедуралар ұзақ уақытқа созылды, бұл қолдау шараларын уақтылы көрсетілмеген болуы мүмкін. Портал енгізілгеннен кейін бұл мерзімдер айтарлықтай қысқарды, кейбір жағдайларда алты айдан бірнеше аптаға дейін кезектілік процестері ашық болды. Биыл портал арқылы 357 мыңнан астам қызмет көрсетілді», – деді Ербол Оспанов.
Жұмыс сапары барысында Ербол Оспанов Орал қаласының халықты жұмыспен қамту орталығына, «СалютОрто» протездеу және ортопедия орталығына, мүгедектігі бар адамдарға арналған өз бетінше тұру үйіне және Круглоозерное және Дарьинск ауылдарындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына барады, онда ұйымдардың қызметкерлерімен және көрсетілетін қызметті алушылармен кездесулер өткізеді.