
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстандағы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру туралы айтты.
Өз сөзінің басында ол әлеуметтік-еңбек саласында көрсетілетін 45 қызметтің 43-і (95%) электрондық форматта, оның 23-і проактивті түрде көрсетілетінін хабарлады.
«2022 жылы қазақстандықтар 13,1 млн қызмет алды. Бұл ретте цифрлық форматта 10,6 млн, оның 1 млн-нан астамы азаматтардың жіберілетін хабарламаларға берген жауаптары негізінде проактивті түрде көрсетілді», – деді Ербол Оспанов.
Сондай-ақ, вице-министр цифрлық форматта көрсетілетін әлеуметтік-еңбек саласы қызметтерінің үлесі 2020 жылдан бастап 20%-ға өсіп, жалпы 80%-дан асқанын атап өтті.
«Келесі жылы бұл көрсеткіш 90%-ға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін трансформациялау және реинжиниринг бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі.
Бірінші кезеңде проактивті форматта көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілді. Осының есебінен өткен жылға қатысты көрсетілетін қызметтер санының өсуі байқалды. Келесі қадам проактивті қызметтер көрсету кезінде жәрдемақыларды автоматты түрде тағайындауға көшу болады, яғни қызмет көрсету процесінде адамдардың қатысуы толығымен жойылады», – деп атап өтті ол.
Вице-министр 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау кезінде бұл тәсілді пилоттық режимде қолдану жоспарланғанын хабарлады. Жалпы, келесі жылы автоматты тағайындау форматын 4 қызмет бойынша қолдану жоспарлануда.
«Біз екінші деңгейдегі банктермен жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі таңда қазақстандықтарға банктік қосымшалар арқылы 6 қызмет қолжетімді және 11 айда оларды 280 мыңнан астам адам алды.
Бұдан басқа 17 қызмет экстерриториалды түрде көрсетіле бастады, яғни оларды Қазақстанның кез келген жерінде, тіркелген жері бойынша ХҚКО-ға жүгінбей-ақ ала алады», – деді Ербол Оспанов.
Сондай-ақ төлемдерді орталықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атаулы әлеуметтік көмекті және жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша тағайындалатын әлеуметтік көмектің 11 түрін төлеу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Бұған дейін жергілікті атқарушы органдар төлемдерді бөлуді жүзеге асырған.
«Бүгінде барлық азаматтар мемлекеттік қолдау шараларын уақтылы ала бермейді. Жағдайды түзету үшін Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Бұл қызмет отбасының әл-ауқатын автоматты түрде анықтауға және мемлекеттік кепілдіктерді белсенді түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл әлеуметтік қолдау шараларын көрсетудің өтініш форматынан анықтау форматына көшуге мүмкіндік береді», – деді Ербол Оспанов.
Вице-министр бүгінгі таңда Отбасының цифрлық картасы арқылы 9 мемлекеттік қызмет проактивті түрде көрсетілетінін және ол қызметтерді 12 мыңнан астам адам алған айтты. Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама іске асырылды.
2023-2024 жылдар аралығында Отбасының цифрлық картасын әлеуметтік-еңбек, денсаулық сақтау және білім беру салаларының қызметтерімен кеңейту жоспарлануда. 2025 жылы жоғарыда аталған салаларда барлық мемлекеттік кепілдіктер берілетін болады.
Ербол Оспанов мүгедектігі бар адамдарды қолдау шараларын цифрландыру туралы да хабардар етті. Атап айтқанда, мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу барысы туралы айтып берді. Бұл пилоттық жоба өткен жылдың қазан айында іске қосылған болатын.
Бұрын мүгедектікті белгілеу үшін төрт түрлі инстанцияға яғни емхана, МӘС бөлімі, ХҚКО, әкімдікке жүгіну қажет болса, жаңа формат шеңберінде азамат қызметті алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінеді, қалғанының бәрі оның қатысуынсыз, ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен болады. Барлық деректер тиісті мемлекеттік органдарға беріледі, ал сарапшылар қажетті шешімдер қабылдайды.
«Биыл бүкіл Қазақстан бойынша 52 мыңнан астам адам, яғни осы қызметті алған әрбір бесінші адам жаңа форматта куәландырудан өтті», – деп бөлісті ол.
Сонымен қатар вице-министрдің айтуынша, арнайы әлеуметтік қызметтер, оңалтудың техникалық құралдарын ұсыну, жеке көмекшінің қызметтері және т.б. сияқты мүгедектігі бар адамдарға қажетті қызметтердің басым бөлігін 2020 жылы іске қосылған Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алуға болады.
«Бұл портал мүгедектікті белгілеу мен оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін алу арасындағы мерзімді айтарлықтай қысқартуға көмектесті. Әлеуметтік қызметтер порталында азаматтар жеткізушіні өз бетінше таңдай алады, ал мемлекет тек өнім беруші шығындарын өтейді. Әлеуметтік қызметтер порталы енгізу есебінен мүгедектігі бар адамдардың құралдар мен қызметтерге қажеттілігін қанағаттандыру деңгейі өсті. Мәселен, енгізілгенге дейін 2019 жылы қамтамасыз ету көрсеткіштері 62% деңгейінде болды, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 88%-ға дейін ұлғайды. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қажеттілік 85% - ға орындалады», – деді Оспанов.
Вице-министр жұмыспен қамту жөніндегі бірыңғай цифрлық алаң – Электрондық еңбек биржасы (бұдан әрі – ЭЕБ) туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Онда азаматтар бағыттар, кәсіптер мен дағдылар бойынша қолайлы бос жұмыс орындарын, ал жұмыс берушілер олардың талаптарына сәйкес келетін қызметкерлерді іздей алады.
«Бүгінгі таңда ЭЕБ-да 102 мың бос жұмыс орны және 120 мың түйіндеме орналастырылған. Бұдан басқа ЭЕБ-да онлайн-форматта 4 мемлекеттік көрсетілетін қызмет және халықты жұмыспен қамтуды қолдаудың 9 шарасы қолжетімді. Онлайн-қызметтерді іске қосу халықтың жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерімен физикалық байланысын барынша азайтуға және азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
2022 жылы жұмыс іздеп жүрген 371 мың адам немесе жалпы санының 61%-ы онлайн-форматта тіркелген. Цифрлық жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтылғандардың үлесі 86,7 мың адамды құрады, ал 71 мың адам жұмысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдер алды», – деді Ербол Оспанов.
Сондай-ақ, ол ЭЕБ экожүйесіне кіретін «Skills.Enbek», «HR.Enbek», «Business.Enbek» және т.б. сияқты қазақстандықтарға қолжетімді басқа да алаңдар туралы айтты.
Осылайша, Skills.Enbek платформасы 110 кәсіпті ішінара немесе толық қамтитын 160 курс қолжетімді онлайн курстардың витринасы болып табылады. Жыл басынан бері 146 мыңға жуық адам кем дегенде бір курсты аяқтады.
«Тағы бір маңызды платформа – «Business.Enbek», онда бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алудың барлық процестері автоматтандырылған. Осылайша, берілген 67 мың өтінімнің ішінен мемлекеттің қолдауының арқасында өз ісін ашуға мүмкіндік алған 20 мың адам іріктелді.
Еңбек ресурстарының жаңа порталы – «HR.Enbek». Бұл алаң қызметкер мен жұмыс берушінің барынша тиімді және жылдам өзара іс-қимылын қалыптастыруға, қағазбастылықты барынша азайтуға мүмкіндік береді», – деді вице-министр.
Мәселен, мемлекеттік органдардың деректер базасын интеграциялау арқасында жұмыс беруші қызметкердің келісімімен оның цифрлық жеке ісімен танысып, адамның біліктілігі мен құзыретін түсініп, жұмысқа орналасу туралы шешім қабылдай алады. Еңбек шарты сол жерде тіркеліп, қызметкер туралы мәліметтерді толықтырады және кадрлық іс жүргізуді жеңілдетеді.
«Жалпы іске асырылып жатқан іс-шаралар жалдау рәсімін жеңілдетуге және ашықтықты арттыруға, қызметкерлерді әлеуметтік және еңбек тәуекелдерінен қорғауға, деректерді бұрмалау тәуекелдерін азайтуға, еңбек шарттарын ресімдеу мерзімдерін қысқартуға, коммерциялық қызметтер алу үшін жұмыс орнын растауға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Ербол Оспанов.