Н. Сағындықова елорда жұртшылығына Президенттің тапсырмаларын іске асыру және Әлеуметтік кодекстің жобасы туралы айтып берді

Н. Сағындықова елорда жұртшылығына Президенттің тапсырмаларын іске асыру және Әлеуметтік кодекстің жобасы туралы айтып берді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Астана қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді, оның барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын және ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында көзделген әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңалықтарды іске асыру туралы айтты.

Іс-шараға ҚР ЕХӘҚМ салалық департаменттерінің өкілдері, Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың 30-дан астам қоғамдық бірлестіктері өкілдері қатысты.

Сөз басында вице-министр зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға қатысты: әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жас деңгейінде жоспарланған арттыруды 2028 жылға дейін тоқтата тұру туралы; кейінгі 3 жыл ішінде жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% - ға арттыру туралы толық түсіндірме берді.

«Бұл өсім 2 миллионнан астам зейнеткерге, сондай-ақ 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар зейнетке енді шығатын азаматтарымызға әсер етеді», – деп атап өтті Назгүл Сағындықова.

Ол сондай-ақ балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейту және Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізу туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Әлеуметтік кодексті іске асыру құралдарының бірі азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуін күтпестен проактивті форматта көмек көрсетуге мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы болады», – деп атап өтті вице-министр.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде ОЦК-да 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған. 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиесілі көмекті алмаған азаматтарға өздеріне тиісті мемлекеттік кепілдіктер көрсетілген SMS-хабарламалар жіберіледі. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары проактивті форматта тағайындалады. Өтінішсіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 11,7 мың адам пайдаланды.

Қазіргі уақытта ОЦК шеңберінде проактивті форматта жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызмет көрсетеді. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады. 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.

Кездесу барысында ведомство өкілдері Әлеуметтік кодекстің жобасында көзделген мемлекеттің, жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтардың өздері бірлесіп қатысуына баса назар аудара отырып, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғыртуға қатысты түсініктемелер берді.

Атап айтқанда, бұл өтініш берушіден арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің проактивті форматына көшу туралы болды. Ол үшін арнайы қызметке мұқтаж азаматтардың бірыңғай әлеуметтік тіркелімі құрылады. Оның базасында азаматтардың өтінішін күтпей, проактивті форматта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсете отырып, қажеттіліктер карталары қалыптастырылатын, ел ауқымында қызметтердің қолжетімділігі айқындалатын болады.

Вице-министр халықты жұмыспен қамтудың және азаматтарды жұмысқа орналастырудың жаңа саясаты мәселелеріне де тоқталды.

«Халықты жұмыспен қамтудың жаңа саясаты азаматтардың жекелеген осал санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға көшуді көздейді», – деді Назгүл Сағындықова.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейту, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту және реттеу, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тарту, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға трансформациялау және қызметтерді ауқымды цифрландыру көзделіп отырғанын атап өтті.

Кездесуде вице-министр іс-шараға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.