Т. Дүйсенова 2023 жылға арналған халықты жұмыспен қамту саласындағы міндеттерді белгіледі

Т. Дүйсенова 2023 жылға арналған халықты жұмыспен қамту саласындағы міндеттерді белгіледі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарларымен және өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшыларымен кеңес өткізді. Еңбекминінің басшысы биылғы 10 айдағы халықты жұмыспен қамту саласындағы жұмысты қорытындылап, 2023 жылға арналған міндеттерді белгіледі.

Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері, Еңбекмині комитеттерінің, департаменттерінің және бағынысты ұйымдарының басшылары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, сондай-ақ еңбек инспекциясы басқармаларының басшылары қатысты.

Халықты жұмыспен қамту саласындағы жұмысты қорытындылай келе, Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша биылғы жылдың 10 айында Қазақстанда 764,8 мың адам жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде бос жұмыс орындарына – 263,8 мың адам, жеке бастамалар шеңберінде – 261,2 мың адам, ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде – 47 мың адам, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен – 161,5 мың адам қамтылғанын атап өтті, сондай-ақ азаматтар өз ісін дамытуға гранттар алды.

«Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу шеңберінде біз азаматтарды жұмысқа орналастыру фактілерін ғана емес, олар үшін міндетті зейнетақы аударымдарының болуын да қадағалаймыз. Республика бойынша бұл көрсеткіш 73% құрайды. Жергілікті атқарушы органдар бұл мәселе бойынша бақылауды күшейтуі қажет», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Министр 2023 жылы шамамен 1 млн адамды, оның ішінде ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде – 499,1 мың адамды, бос жұмыс орындарына – 296,8 мың адамды, Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі бастамасын іске асыру шеңберінде – 110,9 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отырғанын, сонымен қатар кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шеңберінде 5,8 мың жасқа жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын микрокредиттер, сондай-ақ 9 мың грант беру жоспарланып отырғанын хабарлады.

«Азаматтарды жұмысқа орналастыру келесі жылы басты мәселе болып қала береді. Жастарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аудару қажет. Келесі жылы барлық бағыттарды іске асыру шеңберінде кемінде 100 мың жасты жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Жергілікті атқарушы органдар бұл бағытта белсенді жұмыс істеуі керек», – деді Тамара Дүйсенова.

Еңбекминінің басшысы халықты жұмыспен қамту саласында іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру үшін 2023 жылы көшпелі оқыту жобалары қайта жандандырылатынын атап өтті. Атап айтқанда, колледждер жастарды және жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген тұлғаларды көшпелі қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, өңірлерде мобильді жұмыспен қамту орталықтары іске қосылады және ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін жылжымалы бос орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

«Халқы көп және жұмыссыздық деңгейі жоғары аудандар мен ауылдық елді мекендерде адамдардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері көбірек болуы үшін тек жергілікті жұмыс берушілерді ғана емес, басқа өңірлердің де жұмыс берушілерін тарта отырып, бос орындар жәрмеңкелерін жүйелі түрде өткізу қажет», – деді министр.