Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі бағыттарын және ҚР Әлеуметтік кодексі жобасының нормаларын түсіндіру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрған арнайы мобильді топ Павлодар облысында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Павлодар қаласына жұмыс сапары барысында облыс активімен, еңбек ұжымдарымен және жастармен кездесті. Ол жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат, Отбасының цифрлық картасын енгізудің оң әсері туралы айтып, балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін трансформациялау және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін талқылады.
Вице-министр жұмыс сапарын Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовпен кездесуден бастады, содан кейін Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысы және Әлеуметтік кодекстің жобасы туралы өңір активіне айтты. Іс-шараға облыстық мәслихат өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, облыстың қалалары мен аудандарының әкімдері қатысты.
Олжас Ордабаев өз сөзінде халықты жұмыспен қамтудың жаңа саясатына және азаматтарды жұмысқа орналастыруға ерекше назар аударды.
«Халықты жұмыспен қамтудың жаңа саясаты азаматтардың жекелеген осал санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға көшуді көздейді», – деді вице-министр.
Вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейту, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту және реттеу, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тарту, ішкі көші-қонды реттеу, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға трансформациялау және қызметтерді ауқымды цифрландыру көзделіп отырғанын атап өтті.
Олжас Ордабаев сонымен қатар Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізу барысы туралы айтып берді.
«Бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Цифрлық картада 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған. Бұл ретте біз өздеріне тиісті көмекті алмайтын отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасыларға 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиесілі мемлекеттік кепілдіктер көрсетілген SMS-хабарлама жолданады. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары оларға проактивті форматта тағайындалады. Өтінішсіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 5,5 мыңнан астам адам пайдаланды», – деді вице-министр.
Ол қазіргі уақытта ОЦК шеңберінде жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша проактивті форматта қызмет көрсететінін айтты. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады. 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.
Бұдан басқа, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу шеңберінде вице-министр Павлодар мұнай-химия зауытында және жұмыспен қамту орталығында болып, онда еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Кездесу барысында заңнамалық деңгейде әлеуметтік Кодексте бекітілетін азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Ақпараттық технологиялар колледжінде Олжас Ордабаев жастар арасынан шыққан қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесті, олармен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде ведомство жүзеге асыратын жас мамандар мен басқа да жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары туралы ақпаратпен бөлісті.
«Жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамту кеңейтілетін болады. Жыл сайын 40 мың түлек жастар тәжірибесіне қатысады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушылар үшін жастар практикасы шеңберінде жүзеге асырылатын төлемдерге тең қосымша үстемеақы белгіленетін болады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы ҰБТ тапсырмаған немесе оқуын жалғастырмаған мектеп түлектеріне бағытталатын болады», – деді Олжас Ордабаев.
Ол министрлік Агрокредиттік корпорациямен бірлесіп жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін жылдық 2,5% жеңілдікті кредиттер беру тетіктері мен параметрлерін пысықтап жатқанын айтты. Жыл сайын 6 мыңға жуық жас осы қолдау шарасын пайдалана алады. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастарға олардың бизнес-идеяларын іске асыру үшін жыл сайын 1,2 млн теңгеден астам сомада 9 мың қайтарымсыз грант берілетін болады.
Вице-министр жастарды іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналасуға белсенді қатысуға шақырды. Бұл ретте ол жастардың Қазақстанның кез келген өңірінде өздеріне жұмыс таба алатынын атап өтті.
«Ұлттық жобалар мен жеке кәсіпкерлік бастамалар аясында құрылған барлық жұмыс орындары Электрондық еңбек биржасында орналастырылған. Бұл платформа жұмыс іздеуге де, қызметкерлерді іздеуге де арналған біртұтас платформаға айналды. Қазір Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 112 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынған. Жастар – халықтың ең мобильді санаты, Электрондық еңбек биржасының көмегімен еліміздің кез келген өңірінен жұмыс таба аласыз», – деді Олжас Ордабаев.
Вице-министр жұмыс сапары барысында Павлодар облысының Май ауданына барып, онда халықпен кездесу және азаматтарға жеке қабылдау өткізеді. Олжас Ордабаев ауыл тұрғындарына азаматтарды жаппай оқыту және одан әрі жұмысқа орналастыру үшін жаңа мүмкіндіктер, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларды қолдау шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру және т. б. туралы айтып береді.