
ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің (бұдан әрі – ЕӘҚК) төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Өз сөзінің басында ЕӘҚК басшысы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың негізгі бағыттарының бірі олардың біліктілігіне және еңбек шарттарына сәйкес келетін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуді қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті.
«Жалақы бойынша берешек мәселелері ерекше алаңдаушылық туғызады. 14 қазандағы жағдай бойынша республиканың 60 кәсіпорны 1 821 қызметкерге 1,24 млрд теңге сомасына жалақы бойынша қарыз. Жұмыскерлер алдындағы ең көп берешек Абай облысында – 218,7 млн теңге, Жетісу облысында – 22,9 млн теңге және Астана қаласында – 19,3 млн теңге.
Жыл басынан бері жергілікті еңбек инспекциясы органдарының көмегімен жалақы бойынша 4,1 млрд теңгеге жуық берешек төленді, сол арқылы 16,4 мың қызметкердің құқықтары қорғалды», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Ол Еңбекминінің бастамасы бойынша жалақы бойынша берешекті өтеудің нәтижелілігін арттыру мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілгенін, нәтижесінде жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы нұсқама атқарушылық құжаттың міндетті күшін алғанын атап өтті. Осылайша, қазіргі уақытта нұсқаманың орындалу мерзімі аяқталғаннан кейін ол жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындау үшін беріледі. Осы жылы 47 материал берілді.
Сондай-ақ, ЕӘҚК төрағасы жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілермен жұмысшылардың жалақысын көтеру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Нәтижесінде биылғы жылдың басынан бастап 1,9 мың жұмыс беруші 1,2 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын 5-тен 50% - ға дейін көтерді.
Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерге тең еңбек үшін тең ақы төлеуді, сондай-ақ қандай да бір кемсітусіз тең өндірістік-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.
«Биыл облыс прокурорлары мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп 30 адамнан көп шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартатын 64 кәсіпорынға тексеру жүргізді, нәтижесінде 1150 бұзушылық анықталды, оның ішінде: 179 – еңбекақы төлеудегі диспропорция жағдайы; 399 – шетелдіктердің рұқсаттарда көзделмеген жұмыстарды орындау жағдайы; 210 – талаптарды сақтамау жағдайлары; шетелдіктердің білімінің олар атқаратын лауазымдарға сәйкес келмеу жағдайлары – 205; ШЖК тартуға рұқсатсыз шетелдіктердің еңбек қызметін жүзеге асыруының – 157 жағдайы.
Аталған бұзушылықтарды жою үшін 66 ұсыныс енгізілді, 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 64,3 млн теңгеге айыппұл салынды, әкімдіктер 390 рұқсатты қайтарып алды», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Еңбек заңнамасын сақтау мәселелері ЕӘҚК-нің ерекше бақылауында.
Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 023 тексеру жүргізді, оның барысында 6 825 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 4 573; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 103; халықты жұмыспен қамту бойынша – 149.
Жұмыс берушілерге 2 мыңнан астам ұйғарым берілді және 318 млн теңге сомасына 1 400-ден астам әкімшілік айыппұл салынды.
Азаматтардың 22 547 өтініші қаралды, өндірістегі жазатайым оқиғаларға 866 арнайы тергеу жүргізілді.
«hr.enbek.kz еңбек ресурстарының жаңа порталын іске қосу шеңберінде 2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуін көздейтін «Онлайн еңбек консультанты» функционалы іске қосылды.
Сонымен, жұмыс беруші осы еңбек инспекторын алмастыратын және интерактивті режимде жоспарланған немесе орындалған рәсімдердің дұрыстығын тексеретін қызметке жүгіне алады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмыс берушіге оларды жою мақсатында нақты іс-әрекеттер ұсынылатын болады. Бүгінгі таңда 13 459 адам өзін-өзі тексерді», – деді ЕӘҚК төрағасы.
Ол сондай-ақ республиканың кәсіпорындарында ішкі бақылауды 21 мыңнан астам еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жүзеге асыратынын, 16 мыңнан астам өндірістік кеңестер жұмыс істейтінін хабарлады.
«Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі адамдарды «Халық бақылаушылары» ретінде жұмысқа тартуды көздейтін «Халықтық бақылау» әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде. Бүгінгі таңда жобаны іске асыруға республиканың 212 кәсіпорны қосылды, онда 500-ден астам қызметкер ішкі бақылауды жүзеге асырады», – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.
Бас мемлекеттік еңбек инспекторы қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту ҚР Үкіметі мен Еңбекминінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 12,5% - ға (1678-ден 1467 адамға дейін), қаза тапқандар саны 16,2% - ға (244-тен 200 адамға дейін) азайды.
Статистикаға сәйкес, өткен жылы зерттелген кәсіпорындардың 1,6 млн қызметкерінің 375 мыңы (22,8%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылған. Өңірлер бөлінісінде зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің жоғары деңгейі келесі өңірлерде байқалады: Қарағанды облысында – 74 976 адам, Павлодар облысында – 46 361 адам, Шығыс Қазақстан облысында – 37 383 адам.
«Зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді (жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және жалақының ұлғаюы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану). Мәселен, 2021 жылы еліміз бойынша 681 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 167 млрд теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы алды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 19%-ға артық», – деп хабарлады ЕӘҚК төрағасы.
Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың 30% - дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиесілі. Осы жылдың 9 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 023 тексеру жүргізді, оның барысында 6 825 бұзушылық анықталды, оның ішінде еңбек қатынастары саласында – 4 573, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 103, халықты жұмыспен қамту саласында – 149.
«Биылғы жылдың тоғыз айында еліміздің кәсіпорындарында 999 адам зардап шекті, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 5,8%-ға төмен (2021 жылы – 1061 адам), оның ішінде 134 адам қаза тапты, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 4,3%-ға төмен (2021 жылы – 140 адам). Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (34,9%); жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру (28,3%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (7,1%); автожол жүрісі қағидаларын бұзу (9,1%) болды», – деп атап өтті спикер.
Бұл ретте, бұрынғыдай, еліміздің өнеркәсіптік өңірлерінде: Қарағанды (136 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (120 адам), Қостанай (93 адам), Ақтөбе (84 адам), Павлодар (82 адам) облыстарында және Алматы қаласында (79 адам) жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталуда.
Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 16,4 %, құрылыс саласында – 12,3% байқалады.
«Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін 109 лауазымды адам атқаратын лауазымынан босатылды. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 744 материал жіберілді, олар бойынша 118 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында жұмыс орындарында 4 133 өндірістік нысанды аттестаттау өткізілді», – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.
Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 2 800 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
2019 жылдан бастап біз «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінгі таңда оған 332 кәсіпорын қосылды.
Бұдан басқа, өңірлердің әкімдіктері ең көп жазатайым оқиғаларға жол берген жұмыс берушілермен бірлесіп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жекелеген іс-шаралар жоспарларын бекіту бойынша жұмыс жүргізді. Осындай жоспарлар еліміздің 173 кәсіпорнында бекітілген.
«Министрлік алдына зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын айтарлықтай қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қойып отыр. Осы мақсатта 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары іске асырылады, онда: өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру; өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетігін жетілдіру; зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда істейтін қызметкерлерге кепілдіктер берудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу көзделеді. Осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай: жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициентін 1000 жұмысшыға шаққанда 0,20-ға дейін төмендету (2021 ж. – 0,22); зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің үлес салмағын 20% - ға дейін қысқарту (2021 ж. - 22,8%) күтіледі», – деді ЕӘҚК төрағасы.
Сөз соңында ол Еңбекмині барлық қажетті шараларды қабылдайтынын және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы профилактиканың ұлттық мәдениетін қалыптастыру және нығайту, мемлекеттік еңбек инспекциясының тиімді жүйесін құру арқылы қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін еңбекті қорғау саласындағы ғылыми инфрақұрылымды дамыту, қызметкерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша жағдай жасайтынын айтты.