
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі бағыттарын және ҚР Әлеуметтік кодексі жобасының нормаларын түсіндіру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қалыптастырған арнайы мобильді топ Түркістан облысында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов, ҚР Еңбекмині Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов және «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Бас директоры Нұрсұлу Кемел Қазығұрт, Шардара және Келес аудандарында болып, онда тұрғындармен, жастармен, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлерімен, ауылдық округтер әкімдерімен және мәслихат депутаттарымен кездесулер өткізді.
Ербол Оспанов өз сөзінде Отбасының цифрлық картасын енгізудің оң әсері және ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында көзделген әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңашылдықтар туралы айтты.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде цифрлық картада 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі, сондай-ақ олардың әл-ауқаты туралы ақпарат жинақталған.
Жоба осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде іске қосылды және қазір оның шеңберінде әлеуметтік-еңбек саласының 9 қызметі проактивті тағайындалуда. Ол арқылы 5,5 мың азаматқа мемлекеттік қолдау шаралары тағайындалды», – деді вице-министр.
Ол жыл соңына дейін қызметтер тізбесі кеңейтілетінін, ал 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатынын айтты.
Өз кезегінде, Нұрсұлу Кемел облыс тұрғындарымен кездесулер барысында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау шеңберінде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем мөлшерінің орта есеппен 13%-ға ұлғаятыны туралы айтты. Бұл, сондай-ақ әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамытудың бірқатар басқа шаралары ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында көзделетін болады.
«МӘСҚ-дағы жұмыс берушілердің жұмыскерлері үшін әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің мөлшері өзгеріссіз қалатынын атап өту қажет. Сонымен қатар құжатта табысынан айырылу әлеуметтік тәуекелдерінің барлық 6 түрі бойынша жұмыспен қамтылған халықты міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейту көзделген: жұмысынан айырылу; еңбекке қабілеттілігінен айырылу; асыраушысынан айырылу; жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу; жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу; бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу», – деді Нұрсұлу Кемел.
Сондай-ақ, ол Әлеуметтік кодексте заңнамалық деңгейде бекітілетін азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы, оның ішінде балалы отбасыларды қолдау шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру туралы хабардар етті.
Асқар Ниязов ауыл тұрғындарының назарын Электрондық еңбек биржасы базасында цифрлық экожүйені қалыптастыруға, жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясатқа және жаңа көші-қон саясатына аударды.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу аясында 13 қазанда мобильді топ мүшелері Созақ ауданы мен Кентау қаласында тұрғындармен кездесулер өткізеді.