
Павлодарда ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен «Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету» тақырыбында семинар өткізіліп, оның барысында еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселелері мен қазіргі проблемалар мен оларды жою бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.
Іс-шараға Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының мемлекеттік еңбек инспекторлары, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Кәсіподақтар федерациясының, «ҚР Еңбекмині ЕҚРҒЗИ» ШЖҚ РМК, «Еуразиялық Топ» ЖШС, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ өкілдері қатысты.
Семинарда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету ҚР Еңбекминінің маңызды басымдықтарының бірі болып табылатындығын атап өтті.
«Ағымдағы жылы «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқаны аясында әлеуметтік серіктестердің («Атамекен» ҰКП, ҚР Кәсіподақтар федерациясы) және мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өңірлерде 4 топтық семинар өткізу жоспарланған. Қызметкерлердің қолайлы еңбек жағдайларын жасауға бағытталған біздің бірлескен күш-жігеріміз ғана кәсіби тәуекелдерді төмендете алады», – деді ол.
Сонымен бірге Оспанқұлов зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарының санын қысқартудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда 497 мың жұмысшы зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді, олар үшін жұмыс берушілер қызметкердің табысының 5% мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар қауіпсіз еңбек жағдайларын ұйымдастыруға жұмыс беруші тарапынан айтарлықтай қаражат бөлінетін «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ өндірістік базасында болды.