«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде Атырау облысындағы АӘК алушылар кедейлік жағдайынан шықты

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде Атырау облысындағы АӘК алушылар кедейлік жағдайынан шықты

Атырау облысының атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алушылары Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша микрокредиттер ресімдеп, өз отбасыларын кедейлік жағдайынан шығарып қана қоймай, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудан да бас тартты. 

Табысы аз азаматтарды қолдау жөніндегі шараларды іске асырудың жарқын мысалдарының бірі Атырау облысы Индер ауданының тұрғындары Салауат Бакитов пен Тұрсын Айманованың отбасысы. Бұл отбасының әрбір мүшесінің жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен болғандықтан, 2019 жылғы сәуірден бастап оларға жалпы сомасы 1 992 372 теңгені құрайтын ай сайын 166 031 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

«Отағасы Салауат Бақытов Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында мал шаруашылығын дамыту үшін 3 млн теңге көлемінде микрокредит алды. Бүгінде аталған отбасы кедейлік шегін еңсеріп, қиын өмірлік жағдайдан шықты. Олар әлеуметтік көмектен өз еріктерімен бас тартты», – деді Атырау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.

Бұл Индер ауданында орын алған жалғыз ғана оң мысал емес. Мәселен, Көктоғай ауылынның тұрғындары Шапағат Айманақұмов пен Гүлфия Әбілдің көпбалалы отбасына барлығы 1 203 528 теңге, айына шаққанда 100 294 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, бірақ мемлекеттік қолдау мұнымен аяқталған жоқ.     

«Гүлфия Әбілге ақылы қоғамдық қызмет ұсынылды. Ол жергілікті мәдени орталықта үш ай тазалаушы болып жұмыс істеді. Отағасы болса «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында алған 2 800 000 теңге көлеміндегі қаражатқа бұрын пайдалануда болған автокөлік сатып алып, қазіргі уақытта жолаушы тасымалдаумен айналысады. Бүгінгі күні бұл отбасының кірісі кедейлік шегінен асқандықтан, оларға АӘК төлеу тоқтатылды», – деді өңірлік ЖҚҮӘББ басшысы.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылғы 1 сәуірден 31 қазанға дейін Атырау облысында 5 983 отбасы немесе 33 964 адам жалпы сомасы 2 млрд 774,8 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алды. Сонымен қатар, 855 отбасы немесе 4798 адамға 279,6 миллион теңге көлеміндегі сома қайта есептелді.

«Бүгінгі күні 1306 жұмыссыздың 1104-і немесе 84,5%-ы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 826 адам тұрақты жұмыс орындарына, 187 адам – қоғамдық жұмыстарға, 10 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 60 адам – қайта даярлау курстарына, 13 адам – жастар практикасына және 8 адам – жеке кәсіпкерлік ашуға жіберілді», – деді Серік Камидолла.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 7 қазанда ҚР Үкіметінің отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын.

«Ең басты принцип ­– мемлекет шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға, бірінші кезекте балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналастыруға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беру кіреді», – деді Біржан Нұрымбетов.

 Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.

АӘК табысы аз отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.

Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ оларға мектепке дейін жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Ағымдағы жылғы он айда АӘК 452,1 мың отбасына немесе 2,3 млн адамға тағайындалды.  Бір адамға шаққандағы АӘК орташа мөлшері 12,6 мың теңгені құрайды. Орта есеппен отбасына 90 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома – 455 мың теңге. Ағымдағы жылы АӘК-ке 245,1 млрд теңге қарастырылған, оның 163,2 млрд теңгесі төленді.