Алматы маңында ұшақтың құлау себептерін Бас мемлекеттік еңбек инспекторы нақтылап жатыр

Алматы маңында ұшақтың құлау себептерін Бас мемлекеттік еңбек инспекторы нақтылап жатыр

Қазіргі уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ербол Нұрғалиев апат орнында жұмыс істеп жатыр және әуе апаттың мән-жайлары мен себептерін анықтауда.

Қайғылы оқиға осы жылғы 27 желтоқсанда 7 сағат 22 минутта болды. «Бек Эйр» авиакомпаниясының борты, Алматы – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша келе жатқан № Z2100 рейсі ұшу кезінде биіктіктен айырылып, бетонды қоршауды бұзып өтті. Одан әрі ұшақ екі қабатты ғимаратпен соқтығысқан. Бортта 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған.

Жолаушыларды шұғыл түрде эвакуациялау бойынша құтқару жұмыстары басталды, өрт болған жоқ.

Алдын ала мәліметтер бойынша, қаза болғандардың саны 12 адамды құрады, зардап шеккендер саны - 35 адам, оның ішінде 5 адам Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына өте ауыр халде жеткізілді.

Әуе апатының себептері мен мән-жайларын зерттеу үшін Үкіметтік комиссия құрылды, оның құрамына түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.

Тергеу нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.