
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов министрліктің қоғамдық қабылдауында азаматтарды онлайн қабылдады. 3 сағатқа созылған қабылдау барысында ведомство басшысы Алматы, Нұр-сұлтан және Шымкент қалаларының 7 тұрғынының мәселесін қарады.
Азаматтар министрге мүгедектігі бар адамдарға медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу, оларды емдеу, техникалық оңалту құралдарымен және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері бойынша көмек пен кеңес алу үшін жүгінді. Еңбекминінің басшысы сондай-ақ Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының жұмыс сапасына қатысты өтінішті қарады.
Өтініштер мен ұсыныстарды тыңдаған Серік Шәпкенов, оларға егжей-тегжейлі жауаптар берді, ал қарауға қосымша уақытты қажет ететін мәселелер бойынша ҚР Еңбекмині тиісті департаменттеріне өз құзыреті шеңберінде оларды шешуде жәрдем жасауға тапсырма берді.