
Жұма, 24 мамырда Теміртау қаласында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Парамжит Калонмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Бердібек Сапарбаев компания басшылығын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауға шақыра отырып, мемлекет пен бизнестің тығыз өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіпорында 30 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жалақы және жұмыс орындарын босату бойынша берешектері жоқ. Алайда, кәсіпорындағы жалақының орташа деңгейі республикалық деңгейден және өңірдің басқа да металлургиялық компанияларынан әлдеқайда төмен.
Сонымен қатар, комбинаттың 170 қызметкері көпбалалы болып табылады, оның 91-інің баспанасы жоқ. Елбасы мен ҚР Президентінің басым тапсырмаларының бірі қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру болып табылады. Осыған байланысты аталған мәселелерді жедел шешуге назар аударуыңызды сұраймыз», - деп атап өтті Сапарбаев.
Еңбек министрі сондай-ақ өндірістік жарақатты төмендету, экологиялық нормаларды сақтау және ұжымдық шарттардың талаптарын орындау қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде комбинаттың бас директоры компанияның ынтымақтастыққа, әлеуметтік жауапкершілікке және одан әрі технологиялық дамуға деген ұмтылысын растады.
"Біздің компания ынтымақтастыққа дайын және барлық айтылған ұсыныстарды қысқа мерзімде қарастырады", - деді Калом.
Ол 2018-2020 жылдары компания 305 млрд. теңгеден астам қаражат инвестициялайтынын, бұл өңірдегі қауіпсіздік техникасы мен экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасы бойынша әлеуметтік жауапкершілік аясында компания Теміртау қаласында емхана, балабақша және спорт кешенінің құрылысын жүргізуде. Ағымдағы жылы осы жобаларды іске асыруға 1,8 млрд. теңге бөлінетін болады.
Сонымен қатар, Министрлік басшысы өндірістік цехтарды аралап, қызметкерлермен еңбек жағдайларын сақтау, жұмыс берушінің әлеуметтік міндеттемелерді орындауы жөнінде әңгімелесті.