
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Әмір Сүлейменовтің Инновациялық интернет-технологиялар мектебінің бірлескен жобасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары цифрлы мамандықтарды оқып жатыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп халықты цифрлық дағдыларға және SMM-менеджер (әлеуметтік желілердің маркетологтары), PPC-менеджер (контекстік жарнама бойынша мамандар), web-сайттарды әзірлеуші сияқты сұранысқа ие мамандықтарға оқыту бойынша ұйымдастырылған пилоттық жобаға 2018 жылы 60 адам қатысты, олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар, мүгедек балалардың ата-аналары, көп балалы аналар, жалғыз басты аналар, зейнеткерлік жастағы азаматтар және басқалар. Оның 77% бірден жұмысқа орналасты.
«Біз бұл жобаның табысты екендігін көріп отырмыз, биыл ол ауқымды болады», - деді Сүлейменов.
Инновациялық интернет-технологиялар мектебінде сондай-ақ бағдарламалау мен веб-дизайнға үйретеді. Оқыту онлайн-режимде өтеді. Курс тыңдаушысы кез келген адам бола алады, ол үшін интернетке шығатын смартфон немесе компьютер болуы қажет. Халықтың әлеуметтік осал топтары мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін оқу құнының 100% - на дейін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Курстардың ұзақтығы бір айдан екі айға дейін.