Еңбек министрлігі мен ОСК мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Еңбек министрлігі мен ОСК мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыру және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжатқа дүйсенбі, 22 сәуір күні ведомство басшылары Бердібек Сапарбаев пен Берік Имашев қол қойды.

Өз сөзінде Б. Сапарбаев Министрліктің алдағы кезектен тыс Президент сайлауында басты міндеттерінің бірі мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету екенін атап өтті. Қазақстанда 680 мың мүгедек бар, оның 500 мыңға жуығы дауыс беруге құқылы.

«Сайлауды дайындау және өткізу кезеңінде ең үздік халықаралық тәжірибені ескеру және мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына қатысты сайлау комиссиялары қызметінің ерекшеліктерін қарау қажет», - деп атап өтті министр.

Сайлауға дайындық барысында сайлау учаскелерінің физикалық қол жетімділігіне ерекше назар аударылатын болады.

Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі іске асырған «Қолжетімді орта» интернет-порталы жұмыс істеуде. Оған жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген объектілер бойынша мәліметтер енгізеді. ОСК-мен бірлесіп, порталға сайлау учаскелерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні 6,5 мың сайлау учаскесі енгізілді.

Жалпы порталда 31 мыңнан астам көлік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілері бар, оның ішінде: денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандары және басқалар. Портал онлайн режимде жұмыс істейді, өңірлер бойынша да, бүкіл Қазақстан бойынша да ақпаратты кез келген адам көре алады.