
28 ақпан, бейсенбі күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен ел халқының өмір сүру сапасын жақсарту және табысын арттыру бойынша ұсыныстарды әзірлеу үшін салалық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Кездесу барысында министр жұмыс тобының мүшелері мен шақырылғандарды Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының съезінде айтылған тапсырмаларын орындау шараларымен таныстырды.
«Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қолдауларды күшейту бойынша шаралар кешенді түрде кезең-кезеңмен енгізілетін болады. Оның ішінде, аз қамтылған отбасыларын, соның ішінде көп балалы отбасыларын қолдау шараларын күшейту және кеңірек қамту; аймақтардың әлеуметтік картасын әзірлеу; қолдау шаралары мен әлеуметтік қызмет көрсетудің бірыңғай пакетін енгізу; мүгедектігі бар балаларға күтім жасап отырған отбасыларын әлеуметтік қолдауды күшейту; толық емес көпбалалы отбасылары үшін үйде жұмыс істеуге жағдай жасау, ал ауылдардағы көпбалалы отбасыларына гранттардың жеке квотасын және шағын несие беру, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, бизнес-құрылымына кәсіпорындарды тарту»,-деп атап өтті министр.
Өз кезегінде салалық ҮЕҰ жетекшілерінен, сарапшылар мен қоғам белсенділерінен құрылған бастама топ өкілдері, аз қамтылған және көп балалы отбасыларын қолдауға бағытталған шаралардың тиімдлігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстарын алға тартты.
Бердібек Сапарбаев отырысты қортындылай келе, барлық ұсыныстар егжей-тегжейлі пысықталып, мекемеаралық деңгейде келісілгеннен кейін ҚР Үкіметі жанындағы жұмыс тобының қарауына енгізілетін болады,- деді.
Еске сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ел халқының өмір сүру сапасын жақсарту және табысын арттыру, соның ішінде көп балалы отбасыларын қолдау шараларын күшейту бойынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ағымдағы жылдың ақпан айының басында құрылған ҚР Үкіметі жанындағы республикалық жұмыс тобының жұмыс органы болып табылады.