«Медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жаңарту және мүгедек жандарды оңалту » тақырыбында конференция өтті

«Медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жаңарту және мүгедек жандарды оңалту » тақырыбында конференция өтті

Аталмыш шараны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырды.

Конференция жұмысына Қазақстанның барлық аймағынан келген 100-ден астам адам қатысты. Олар- орталық мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту координация басқармаларының жетекшілері мен мамандары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың денсаулық сақтау басқармаларының, әлеуметтік қорғау және көші-қонды бақылау комитетінің аймақтық департаменттерінің өкілдері.

Конференцияның қонақтары ретінде- Ресей Федерациясының  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Медициналық-әлеуметтік сараптамасы федералдық бюросы»  МӘСФБ ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Людмила Науменко және Әзірбайжан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүгедектерді әлеуметтік қорғау саясатының басшысы міндетін атқарушы Сабир Годжаев қатысты.

Конференцияның басты мақсаты- мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың және кәсіби қауымдастықтың медициналық-әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту  саласын реформалаудағы рөлін күшейту.  Басты міндеттердің бірі  2023 жылға дейін денсаулық сақтау, медициналық-әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту саласында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуды қамтамасыз ету бойынша Ұлттық жоспардың жобасына ұсыныс әзірлеу болып отыр. 

Конференция  барысында  медициналық-әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту саласында мемлекеттік қызмет түрлерін дамыту, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру аясында «Әлеуметтік қызмет түрлері порталы» және «Әлеуметтік тіркеу» жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ электронды денсаулық жүйесін енгізу мәселелері талқыланды.