
Бүгін Алматыда «Бірыңғай жиынтық төлемнен не күтуге болады?» тақырыбында сарапшылық дөңгелек үстел өтті. Айта кетейік, БЖТ-ны 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін енгізу көзделген.
«БЖТ – бұл әртүрлі төрт төлемді бірден төлеу мүмкіндігі. Жеке кәсіпкер ретінде жеңілдетілген декларация мен патенттер бойынша тіркелудің қолданыстағы режимдерімен салыстырғанда барлық рәсімдер оңайлатылған. Салық органдарына тіркелу, есептен шығару, есеп беру қажет емес, салық органдары тексеріс жүргізбейді. Аударым бір төлем арқылы жүргізіледі», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.
Формалды емес жұмыспен қамтылғандарды тіркеуді және олардың қызметтерін заңдастыруды жеңілдету үшін арнайы салық режимін — төрт төлемді бір төлемге біріктіретін Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу ұсынылады:
Жеке табыс салығының сомасы (10%),
Міндетті зейнетақы жарнасы (40%),
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар (10%),
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік жарналар (40 %).
«Ауылдық елді мекендерде өмір сүретін тұрғындардың жүктемесін азайту үшін, бұл төлемді ауыл тұрғындары үшін айлық есептік көрсеткіштің жартысына дейін қысқарту ұсынылады», — деп нақтылады министр.
Жаңа режимнің артықшылығы — мұнда салық сомасы азырақ, салық пен әлеуметтік төлемдерден тұратын бірыңғай төлем жасауға болады, салық бойынша есеп беру, салықтық тексерулер және әкімшілік жазалар болмайды. БЖТ төлеу қызметті автоматты түрде тіркеуге және медициналық әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді.