Ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіруге қатысты жиын өтті

Ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіруге қатысты жиын өтті

Семей қаласының 300-жылдығы аясында «Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды медициналық-әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Отырысқа Жапония, Германия, Ресей және Беларусь елінен халықаралық сарапшылар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйым өкілдері және ғалымдар қатысты.

Кездесу барысында иондаушы сәулеленудің әсерінен болатын медициналық-әлеуметтік қатерлерді бағалау, соның зардабына ұшыраған халықты қорғау және оңалту шараларын ұйымдастыру жөнінде мәселелер талқыланды.

Жиын кезінде Жапония, Германия, Ресей, Беларусь сияқты елдердегі радиациялық әсерден зардап шеккен азаматтарды медициналық-әлеуметтік қорғау шараларымен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.

Талқылау нәтижесі бойынша Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды медициналық-әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіру бойынша міндеттерді тәжірибе жүзінде жүзеге асырудың негізгі бағыттарын ұғынудағы жалпы позициялар келісілді, оларды одан әрі орындау бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.

«Бүгінгі күні әлемде әлеуметтік-құқықтық жүйеде интеграциялық процестер айтарлықтай күшейді. Жаһандану әрбір мемлекеттің заңнама жүйесіне әсерін тигізіп және мемлекеттердің дамуында негізгі тенденцияларды айқындайтын факторлардың бірі болуда, бұл құқықтық қоғамдастықтан өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін, шоғырландыру мен үйлестірудің жаңа тетіктерін әзірлеуді талап етеді.

Сондықтан, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы өзекті  мәселелерді шешудің перспективалы нысаны ретінде, ядролық сынақтан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік-медициналық қорғау шараларын жетілдіру бойынша тәжірибемен алмасу және бірлескен тиімді ұсыныстар әзірлеу жөнінде тәжірибелі алаң ретінде осы дөңгелек үстелдің маңыздылығын жоғары бағалаймыз.» -деп атап өтті жиында сөз алған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

Айта кету керек, іс-шара Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтымен бірге жүргізіліп жатқан «Семей ядролық сынақ полигонының әрекеті нәтижесінде иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған халықты қорғау және оңалту шараларының тиімділігін бағалау» тақырыбындағы сараптамалық зерттеудің шеңберінде өткізілді.