
Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Ел Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты шара аталып өтілді. Салтанатты шараға министрлік қызметкерлері, ведомстваға қарасты ұйым өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.
Мерекелік басқосуда сөз алған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ұлттық мерекенің ерекше тұстары мен маңыздылығын атап өтті, сонымен бірге демократиялық мемлекетті құруда елдің негізгі жетістіктерін еске алды.
«Еліміздің Тәуелсіздік күнін атап өту дамудың қазақстандық моделінің бірегей үлгісі, ұлттық маңызы бар мереке. Сонымен қатар, ол азаматтардың рухани бірлігіне, әлеуметтік оптимизмді нығайтуға, Мемлекет басшысының алға қойған стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге жаңа үлес қосуға, осы бағытта ел азаматтарын біріктіруге ықпал етеді.» - деді министр.
Еліміздің әлеуметтік-еңбек саласында табанды еңбек етіп, саланың дамуына үлес қосқан ұжым қызметкерлеріне министр «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерін табыстады және Алғыс хаттармен марапаттады.
Сонымен бірге айтулы мерекелік жиында министрлік ұжымына жаңа қабылданған жас мамандар мемлекеттік қызметкерге тән ант қабылдау рәсімін жасады. Бірқатар қызметкерлер «НұрОтан» партиясының құрамына өтіп, партия билетіне ие болды..