
Бүгінде Қазақстандағы 6,2 миллион отбасы мен үй шаруашылығы туралы өзекті әрі жан-жақты мәлімет Отбасының цифрлық картасында жинақталған. Отбасының әлеуметтік жағдайын объективті әрі дәл бағалау үшін 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректері пайдаланылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Отбасының әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтау әдістемесі екі негізгі бағытты кешенді бағалауды көздейді. Олар – материалдық жағдайы мен жалпы әлеуметтік тұрақтылығы.
Материалдық әл-ауқатты бағалау алты сала бойынша 59 көрсеткішті қамтиды. Атап айтқанда, азаматтардың қаржылық жағдайы, жұмыспен қамтылуы, жылжымалы және жылжымайтын мүлкі, көлік құралдары, кәсіпкерлік қызметі, ауыл шаруашылығы активтері, сондай-ақ қолданыстағы кредиттік міндеттемелері ескеріледі.
Қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден тікелей алынады. Осы деректердің жиынтығы негізінде еліміздегі барлық үй шаруашылықтары А-дан Е-ге дейінгі бес санатқа бөлінеді. Бұл санаттар тек заңнамада мұқтаждық өлшемшарты белгіленген төлемдерді тағайындау кезінде ғана ескеріледі.