Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов «Инновациялық жоба навигаторына» енгізілген бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорынның қызметімен танысты. Өз кезегінде ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов облыстағы бірқатар әлеуметтік сала мекемелерін аралады.
Ең алдымен Асқар Биахметов «Гранд Материк» ЖШС-де болды. Компания FFS қапшықтарын өндіруге бағытталған – үш қабатты құбырлы пленкадан жасалған мамандандырылған таралар. Жобаның құны 10 млрд теңге, зауытта 35 жаңа жұмыс орны ашылды.
Вице-министр бұдан кейін «Талшыктекс» ЖШС полипропиленді геотекстиль өндірісімен танысты. 550 миллион теңге инвестициямен құрылған кәсіпорында 31 адам жұмыс істейді.
Сондай-ақ Асқар Биахметов құбырлар мен жабдықтарды жөндеуге арналған әртүрлі конструкциядағы герметикалық қысқыштар сияқты композиттік материалдар шығаруға маманданған «Beruseal Caspian» ЖШС зауытында болды. Жобаға жалпы инвестиция көлемі 600 млн теңгені құрап, кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны ашылды.
Еске салайық, «Инновациялық жоба навигаторы» платформасын Еңбек министрлігі жаңа кәсіпорындардағы кадрлар қажеттілікті нақты болжау және мемлекеттік инвестицияларды пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында құрған болатын. Платформа құны шамамен 64,3 триллион теңгені құрайтын 1325 жобаның жүзеге асырылуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Оларды жүзеге асыру барысында 210 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда.
Сонымен қатар, вице-министрдің жұмыс сапары аясында ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Атырау облысындағы бірқатар қоғамдық ұйымдарды аралады. Белсенді ұзақ өмір сүру және қарттар мен мүгедектерге үйдегі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, Қиын өмірлік жағдайдағы адамдарды әлеуметтендіру орталығы, Қарттар мен мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының қызметімен танысты. Оспанқұлов көрсетілетін қызметтердің сапасын, техникалық қамтамасыз ету деңгейін және ұйымдарда болу шарттарын тексеріп, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдарға дербестендірілген тәсілді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
18 маусымда жұмыс сапары шеңберінде Асқар Биахметов Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің және мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаменттерінің қызметкерлерімен кеңестер өткізеді, олардың барысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын қамтамасыз ету, қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын бақылау және қорғау мәселелері қаралатын болады.