ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов пен Халықаралық еңбек ұйымы бюросының (бұдан әрі – ХЕҰ) Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған директоры Ольга Кулаева онлайн келіссөз жүргізіп, оның барысында пандемиядан шығу, еңбек инспекциясы жүйесін жаңғырту, Әлеуметтік кодексті әзірлеу және «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жастарын жұмыспен қамту саласындағы серіктестік» жобасы бойынша Ұлттық диалогты жүргізудегі ынтымақтастық жөніндегі жоспарлар қаралды.
Ақмәди Сарбасов өз сөзінің басында ХЕҰ-мен өзара іс-қимылдың Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өтті: ынтымақтастық жылдарында ХЕҰ-ның 24 конвенциясы ратификацияланды, олар бойынша міндеттемелер ел заңнамасына имплементацияланды, ал қазіргі уақытта «Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы» № 175 Конвенцияға қосылу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Ол ҚР заңнамасын халықаралық нормаларға сәйкес келтіру үшін 2020 жылғы мамырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданғанын хабарлады.
Бірінші вице-министр сондай-ақ, еңбек инспекциясы жүйесін жаңғырту мәселесі Қазақстан ратификациялаған ХЕҰ конвенцияларының талаптарын ескере отырып, 2025 жылға дейін ҚР-да қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары шеңберінде қарастырылатынын атап өтті.
Ақмәди Сарбасов ХЕҰ сарапшыларына ҚР Әлеуметтік кодексінің тұжырымдамасында әлеуметтік қамсыздандырудың халықаралық нормаларын пайдалану мәселесі бойынша түсініктемелер мен ұсынымдар үшін, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек, экономикалық салаларда және денсаулық сақтау жүйесінде COVID-19 пандемиясы кезеңінде Қазақстан қабылдаған шараларды талдау бойынша жүргізілген жұмыс үшін алғыс айтты.
«Жұмыспен қамту тұрғысында жедел диагностика жүргізу еңбек нарығына ден қоюдың саяси шараларын анықтауға, сондай-ақ бар проблемаларды егжей-тегжейлі талдауға мүмкіндік берді. Ал әлеуметтік қорғау бойынша жедел диагностика әлеуметтік қорғау бағдарламаларын қамтуды кеңейтуге ықпал ететін іс-қимылдарды анықтау үшін қабылданған шараларды қарастыруға, қызметкерлердің және белгілі бір әлеуметтік қорғалмаған топтардың кірістеріне кепілдік беру тұрғысынан олардың нәтижелілігін бағалауға мүмкіндік берді», - деп түйіндеді спикер.
Сөз соңында бірінші вице-министр ХЕҰ-ға Қазақстанмен ұзақ және жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жастарын жұмыспен қамту саласындағы әріптестік» жобасы бойынша ынтымақтастықты жандандырудың, сондай-ақ ХЕҰ стандарттарына сәйкес әлеуметтік-еңбек саясатын жетілдіру, әлеуметтік әділеттілік пен лайықты еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жұмысты одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.