2015 жылы Қазақстан ратификациялаған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға сәйкес қатысушы мемлекеттер басқалармен тең дәрежеде қалалық, сондай-ақ ауылдық аудандардағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жүйелерді қоса алғанда, көлікке, ақпарат пен байланысқа қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдайды.
Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспардың бағыттарының бірі қолжетімділік және кедергісіз орта болып табылады.
Осы бағыттың шеңберінде «жүйелі бейімдеу» ұғымын заңнамалық деңгейде бекіту, мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтары үшін ғимараттар мен құрылыстардың, жалпы қолданыстағы жолдардың және елді мекендер көшелерінің міндетті қолжетімділігіне қойылатын талаптарды белгілеу бөлігінде заңнаманы жетілдіру көзделген.
Ұлттық жоспар шеңберінде қойылған міндеттерге қол жеткізудің нысаналы индикаторлары:
әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым ұйымдары қызметтерінің қолжетімділігі;
қоғамдық көлік бағыттарының қолжетімділігі;
мүгедек адамдардың қолжетімді ортаға құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстарды орындау үшін сарапшыларды аккредиттеу;
мүгедек адамдар және халықтың басқа да жүріп-тұруы шектелген топтары үшін басым әлеуметтік маңызы бар объектілердің қолжетімділігі.
Бүгінгі күні халықтың жүріп-тұруы шектелген топтардың тыныс-тіршілігі үшін қолайлы орта құруға қолданыстағы нормативтік - құқықтық және техникалық база құрылыс процесінің әрбір кезеңінде(жобалау және құрылыс кезінде) барлық қажетті талаптарды қамтиды.
Бұл жұмысты Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жаспарының 62-тармағын іске асыруға бекітілген (Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 772 Жарлығымен бекітілген) Жол картасының іс-шараларын орындау шеңберінде жүргізді.
2021-2025 жылдар кезеңінде «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қоғамдық бақылаудың өңірлік топтарының жұмысын жандандыруды және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жүргізілген бейімдеу сапасы тұрғысынан жергілікті атқарушы органдар бейімделген 22 мың әлеуметтік-көлік инфрақұрылымы объектілеріне мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр.
Жыл сайын, 2021 жылдан бастап көрсетілген объектілердің жалпы санынан (22 000) 4 400 объект (жалпы санының 20%) мониторингке жататын болады. Осылайша, 2025 жылға қарай жоспарланған объектілердің 100%-ын қамту жоспарлануда.
2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мониторинг 3 091 объектіде жүзеге асырылды, бұл ағымдағы жылға арналған жалпы жоспардың 99,8%-ын құрады.
Сонымен қатар, «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталында «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» бөлімі іске асырылды, ол жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігі туралы мәліметтермен толықтырылады.
Портал әрбір объектінің қолжетімділігін бағалауға, пікірлер қалдыруға мүмкіндік береді.
Портал:
- жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігі туралы деректерін цифрландыруға және жүйелендіруге мүмкіндік берді;
- объектілердің қолжетімділігі туралы жұртшылықты көпшілік алдында хабардар етуге ықпал етті;
- мүгедектердің әлеуетті қатысуын бағалау негізінде объектілерді түгендеу және бейімдеу өңірлік жоспарлары арқылы объектілерді бейімдеу бойынша әрекет етуші шаралар қабылдау.
Бұл бағыттағы жұмыс 2021-2023 жылдарға арналған мүгедектер үшін 100% кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы шеңберінде жалғасуда.