Баспасөз релизі 22.01.2021 ж.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №523 Жарлығына сәйкес бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі конкурсты 2021жылы ұйымдастыру басталғанын хабарлайды.
2008 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін» төрт номинациядан және «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығынан тұрады.
Конкурс жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейлерде екі кезеңде өткізіледі. Конкурстың өңірлік және республикалық кезеңдеріне қатысу тегін болып табылады.
Конкурстың лауреаты атағына үміткерлер материалдарды ресімдейді және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына қағаз және электронды жеткізгіштерде ұсынады.
Іс-шараларды өткізудің маңыздылығын ескере отырып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің барлық кәсіпкерлерін «Парыз» конкурсына белсенді қатысуға шақырады.
«Парыз» конкурсы жөнінде толық ақпарат алу үшін облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар немесе Еңбек инспекциясы басқармасына және 8 (7172) 74-35-11 телефоны арқылы ҚРЕХӘҚМ Әлеуметтік әріптестік басқармасына хабаласуыңызды сұраймыз.