2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлерін көрсету кезінде мұқтаждық қағидаты ескеріледі. Жаңа тәртіп бойынша азаматтың белгілі бір әлеуметтік санатқа жататыны ғана емес, оның отбасының немесе үй шаруашылығының нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайы да назарға алынады. Осыған қарай азаматтың жекелеген қолдау түрлерін алу құқығы айқындалады.
Бұл ретте мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде отбасының әлеуметтік әл-ауқатын кешенді бағалауға мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы пайдаланылады.
Бағалау екі негізгі бағытты қамтиды: материалдық әл-ауқат деңгейі мен отбасының әлеуметтік тұрақтылығы. Материалдық жағдайды бағалау кезінде отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, жылжымайтын мүлкінің, жер учаскелерінің, көлік құралдарының, бизнесінің және ауыл шаруашылығы активтерінің болуы, сондай-ақ кредиттік міндеттемелері ескеріледі. Ал әлеуметтік тұрақтылық отбасы құрамына, оның мүшелерінің жасына, соның ішінде балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуына қарай бағаланады. Осылайша, отбасының әл-ауқатын анықтау кезінде оның материалдық мүмкіндіктерімен қатар, әлеуметтік жағдайы да ескеріледі.
Кешенді бағалау қорытындысы бойынша отбасылар мен үй шаруашылықтары әлеуметтік әл-ауқат деңгейіне қарай бес санатқа – A, B, C, D және E санаттарына бөлінеді. Бұл санаттар отбасының қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайын, яғни әл-ауқаты жоғары деңгейден бастап, әлеуметтік тұрғыдан ең осал жағдайға дейінгі аралықты көрсетеді.
Отбасын белгілі бір санатқа жатқызу кезінде бір ғана көрсеткіш негізге алынбайды. Мәселен, пәтердің, автокөліктің, жер учаскесінің немесе кредиттің болуы, сондай-ақ басқа да мүліктің болуы өздігінен отбасының қай санатқа жататынын анықтамайды. Шешім материалдық әл-ауқат пен әлеуметтік тұрақтылықты сипаттайтын көрсеткіштердің жиынтығы бойынша қабылданады. Егер отбасының жағдайы өзгерсе, мысалы, табысы азайса, отбасы мүшелерінің бірі жұмысынан айырылса, отбасы құрамы өзгерсе немесе басқа да маңызды жағдайлар туындаса, оның әлеуметтік әл-ауқат санаты қайта қаралуы мүмкін.
Бұл бөлімде мынадай ақпараттар жарияланады:
Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды нақты мұқтаждыққа қарай көрсетіп, көмекті ең алдымен оған шын мәнінде мұқтаж азаматтар мен отбасыларға бағыттау.
Сонымен бірге заңнамада көзделген әлеуметтік кепілдіктердің сақталуы және азаматтардың мемлекеттік қолдау алу құқығының негізсіз шектелуіне жол берілмеуі маңызды.