2025 жылы Қазақстанда адам саудасының құрбаны болған 171 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен (бұдан әрі – АӘҚ) қамтылып, оның 21-і жұмысқа орналастырылды.
Қазақстанда Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау және олармен күресу жөніндегі ҚР Үкіметінің 2024–2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары іске асырылуда.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, адам саудасының құрбандарына АӘҚ көрсету және оларды жұмысқа орналастыру жөніндегі шараларды іске асыруда.
Әлеуметтік кодекске және 2024 жылы қабылданған «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес, азаматтардың бұл санатына АӘҚ-ның кепілдік берілген көлемі ұсынылады. Қызмет көрсету жүйесін трансформациялау өткен жылдың маңызды қадамы болды: жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігіне көшу жүзеге асырылды және орталықтарда күтіп-бағу мен көмек көрсету сапасының қатаң стандарттарын қамтамасыз ету үшін міндетті лицензиялау енгізілді.
2025 жылы елімізде адам саудасының құрбандарына АӘҚ көрсететін 12 орталық, оның ішінде 2-еуі мемлекеттік секторда, 10-ы үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жұмыс істеді. Жалпы алғанда, 2016 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде медициналық, психологиялық және құқықтық көмекті қамтитын қайта әлеуметтендірудің толық курсынан 1 610 адам өтті.
Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 2025 жылы адам саудасының 171 құрбаны мемлекеттік көмек алды, олардың арасында 44 адам – Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейден келген шетел азаматтары бар.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша 2025 жылдың қорытындысына сәйкес адам саудасының құрбаны болғандар қатарынан 21 адам жұмысқа орналастырылды, оның 4-еуі – шетел азаматтары.
Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жұмыспен қамту органдары арқылы бос жұмыс орындарына орналастыру, кәсіпкерлік бастаманы қолдауды (400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде мемлекеттік гранттар беру), субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыруды, сондай-ақ тегін қысқа мерзімді оқытуға негізделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде жүзеге асырылады.
Жұмыс іздеудегі көмек өтініш беру сипатында болатынын атап өткен жөн. Белсенді қолдау шараларының толық спектрін алу үшін жергілікті жерлердегі мансап орталықтары азаматтар жүгінген кезде қажетті жәрдем көрсетуге дайын.
Мәжбүрлі еңбек фактілерінің алдын алу мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан бақылау шаралары күшейтілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша инспекторлар 6 632 тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасын бұзудың 8 742 фактісін анықтады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 7 287 бұзушылық жойылды, жұмыс берушілерге жалпы сомасы 532,5 млн теңгеден астам 2 594 әкімшілік айыппұл салынды. 1 039 материал құқық қорғау органдарына беріліп, оларды қарау қорытындысы бойынша 294 қылмыстық іс қозғалды. Бұған қоса, ведомствоаралық мобильді топтардың құрамында еңбек инспекторлары 2 050 профилактикалық іс-шара өткізді. Аталған шығулар барысында мәжбүрлі еңбек және адам саудасы фактілері тіркелген жоқ, бұл ретте жұмыскерлердің еңбегін еңбек шарттарын жасаспай пайдаланудың 189 фактісі анықталды (құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды).
Естеріңізге сала кетейік, 2024 және 2025 жылдар ішінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Адамдарды заңсыз әкету, әкелу және саудалауға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияға төрағалық етті. Қорытынды отырыс биылғы жылдың 17 ақпанында өтті, алдағы екі жылдық кезеңге төрағалық ету функциялары ҚР Ішкі істер министрлігіне берілді. Қазіргі уақытта Министрлік мүдделі органдармен және үкіметтік емес сектормен бірлесіп, Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі 2027–2029 жылдарға арналған жаңа стратегиялық іс-шаралар жоспарын әзірлеуге кірісті.